Мектепке алғаш аяқ басқан күнім әлі есімде. Сыныптастарыммен, яғни қазір екінші отбасыма айналған құрбы-құрдастармен таныстым. Балалық шағымыздың ең қызықты күндерін бірге мектепте өткіздік. Өте ыстық, әрі керемет кездер еді.
Осы бір керемет сәттерді осыншалықты тез өтіп кетеді деп ойламаппыз. Иә, алтыншы, жетінші сыныпта оқып жүргенімізде, он бірінші сынып оқушыларына қатты қызығатынбыз. «Біз қашан осылардай үлкейіп, мектеп бітірер екенбіз» деп армандаушы едік. Қарап отырсақ, уақыт зулап өтіп, сол арманға жетіппіз. Талай жылды артқа тастап, он бірінші сынып оқушысы болыппыз ғой. Аз уақытта алтын ұямызбен қоштасамыз. Жаңа да жауапкершілігі мол өмірге аяқ басамыз.
Дәл қазір алдымызда он бір жылдық білімімізді сынайтын үлкен сынақ – ҰБТ бар. Бұл – үлкен жауапкершілік. Қанша үздік оқысаң да, осы сынаққа келгенде көңіліңде бір қорқыныш болары сөзсіз.
ҰБТ-ны барлығы үлкен сынақ ретінде ғана көреді. Сол үшін көңілінде үрей болады. Үрейден бұрын оны жақсы жағынан қарау керек. Мысалы, жаңа өмірге алғашқы қадам, алған біліміңнің жемісін сезінетін сәт, жақсы ұпай жинау арқылы қалаған мамандықтың иесі болу, т.б. деген сияқты. Сонда ғана табысқа қол жеткізуге болады. Әрине, мұны осылай айта салу оңай. Себебі бұған әркім әртүрлі қарайды. Жалпы кез келген нәрсеге жақсы тұрғыдан қарай білу керек. Жақсы сөз – жарым ырыс!
Барлығымыз білетіндей, ақылы бөлімге түскісі келетін талапкер бірінші ҰБТ-дан қаңтар айында өтеді. Бұл кезде барлығы өз білімін бір сынап көргісі келеді ғой. Сондықтан мен де тапсырып көрдім. Сол күні қатты қобалжыдым. Алайда ғимаратқа кіріп, өзім секілді оқушыларды көргенде қорыққаным басылды. Ал өзім білетін сұрақтарды көргенде, менен бақытты жан болмады-ау. Адамның аузынан қандай сөз шықса, сол болады екен. Менің өзімнің ойлаған, өзім қалаған балды алдым. Соған қуаныштымын. Әрине сынақтың оңайы жоқ. Бірақ ұмытпаған жөн: бұл сіздің соңғы сынағыңыз емес және сізде әлі де мүмкіндіктер көп! Тек оқудан, ізденуден жалықпаңыз.
Сөз соңында, айтқым келгені: ҰБТ-ға кіретін кезде үш досыңыз жаныңызда болу керек. Олар: алған біліміңіз және өзіңізге деген сенімділік пен шыдамдылық. Ең алдымен мидағы қорқыныштан арылу керек. Бір сәтттік қорқыныш бәрін өзгертеді: ойыңызды шырмап, білгеніңізді ұмыттырады, сондықтан қорқынышқа бой алдырмаңыз! Ұлы Абай атамыз айтқандай, “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап”. Өзіңізге сеніңіз! Барлығы жақсы болады. Барша бітіруші түлектердің алдағы сынақтан сәтті өтуіне тілекшімін.
Әнел МӘДИ,
№3 мектеп-лицейдің
11 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!