Бүгінде ІТ саланы таңдағандардың көбі Қызылордада оқуды мақсат етеді. Басты себеп – республикада алғаш рет жасанды интеллект және деректерді басқару жөніндегі мамандар Сыр елінде даярланады. Тіпті алдағы уақытта көршілес мемлекеттің жастары да білім алуға арнайы келуі мүмкін.
2025 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері қос ди- плом бағдарламасы бойынша білім алатын болды. Екінші оқу орны – Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті (Сеул Тех).
Мұндай мүмкіндікке 12 маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльдің қатысуымен Қазақстан-корей бизнес-форумы аясында Астанада өткен университеттер арасындағы келісім кезінде қол жеткізілді.
Жасанды интеллект мамандарын даярлау бағытындағы жұмыс қалай басталды, қазір қандай шаралар атқарылуда? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында университеттің басқарма-төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова толығырақ айтты.
– Қызылордада өмір сүрген Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегі 2021 жылы тарихи отанына қайтарылған бо- латын. Сол кезде арнайы келген Корея Республикасы Парламентінің депутаты, Хон Бом До қорының директоры У Вон Сикпен келіссөздер аясында университетте жасанды интеллект бағытын дамытсақ деген ниет білдірдік. Делегация Оңтүстік Кореяға барғасын Парламентте осы сұрақты қарап, Парламенттің қолдауымен «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жоба» (LUPIC) мақұлданды. 2023 жылы басталған бағдарлама 7 жыл бойы жүргізіледі және толығымен Оңтүстік Корея тарапынан қаржыландырылады, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
2023 жылдың мамыр айында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Сеулге сапары барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен қос дипломды, бірлескен білім беру бағдарламаларын құру мүмкіндігі туралы келіссөздер өтті.
Нәтижесінде өткен жылдың қараша айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.
Талапкерлерге 4 мамандық ұсынылады
Ал жуырда университетте Жасанды интеллект институты құрылды. Мұнда қыркүйектен бастап ІТ сала бойынша еліміздегі ең үздік мамандар білім алмақ.
Биылғы талапкерлер «Киберқауіпсіздік», «Бағдарламалау және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер» және «Ин- форматика» саласы бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларының бірін таңдай алады. Оған жасанды интеллект және Big Data пәндері кіреді.
Сондай-ақ, студенттерге Оңтүстік Кореядан келген профессорлар дәріс өткізеді.
Ал талапкерлерді қос диплом бағдарламасы бойынша оқуға қабылдау 2025-2026 оқу жылынан басталады. Бағдарламаны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебіне түскен студенттер пайдалана алады.
Биыл сәуір айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Оңтүстік Кореядағы Сеултехке іс-сапармен барды. Онда білім беру қызметтерінің спектрін кеңейту және қос диплом бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ёльдің елімізге мемлекеттік сапары аясында инвестициялар, бизнес, ғылым және білім беру саласында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Осы іс-шаралар шеңберінде Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында «AI architect», «Data management» білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат деңгейінде кадрлар даярлау туралы екіжақты келісімге қол қойылды.
Келісім аясында студенттер Қазақстанда 4 семестр оқиды, келесі 4 семестрдегі оқуын Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінде жалғастырады. Нәтижесінде студенттер екі елдің де дипломына ие болады.
Бұл бастама инновациялық жобалардың жарыққа шығуына, ғылым саласының дамуына, тіпті болашақта мектеп мұғалімдерінің кәсіби білімін жетілдіруіне мүмкіндік бермек.
Қос дипломдық бағдарлама бойынша оқудың негізгі талаптарының бірі – ағылшын тілін білу, яғни IELTS көрсеткіші 6,0-ден төмен болмауы қажет.
Талапкерлерді алдын ала іріктеу кезеңі 2025 жылдың наурыз айынан бастап жүргізіледі.
Әзірге бұл бағдарлама арқылы 100 маман даярланады деп күтілуде.
Мектеп бітірушілерге арналған AІ URPAQ байқауы жалғасуда
Университет жасанды интеллект институтында оқығысы келетін биылғы жас түлектер үшін республикалық байқау ұйымдастыруда. 3 жеңімпазға университет гранты беріледі. Сондай-ақ, олар жасанды интеллект саласы бойынша қалаған мамандықта оқи алады. Бұл туралы брифингте Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев хабарлады.
Осы жылы мектеп бітірген түлек ұлттық біріңғай тестілеуде бейіндік пән ретінде «математика информатика» бағытын таңдаған болса, аталған байқауға қатыса алады. Ең бастысы ҰБТ-дан кем дегенде 50 балл жинауы қажет.
Байқау шарттарына тоқталсақ:
- Тіркелу: www.kyzylordahub.kz/ сайтына өтіп, онлайн-форманы толтырады.
- Бірінші кезең: Әлеуметтік желілерде reels жариялайды.
- Екінші кезең: Білім деңгейін анықтау, ағылшын тілінен жазбаша тест тапсырады. Тест онлайн режимде «Google Forms» платформасында өткізіледі.
- Үшінші кезең: «AI – Idea battle» жобалар конкурсы. Екінші кезеңнен сәтті өткен қатысушылар «AІ– Idea battle» форматында идеяларын ұсынуға шақырылады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!