Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларына арналған форумда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“Награда сатылады” немесе “өзіне ұнайтындарға бөліп береді” деген әңгімені жиі естимін. Бұл мүлде жол берілмейтін дүние. Награданы сатпауымыз керек. Сатсақ, оның ешқандай құндылығы қалмайды. Сондықтан санатқа байланысты наградаларды автоматты түрде беріп отыратын өзгеріс енгіземіз. Мысалы, мектепте “модератор” санатын алған адам бірден министрдің Алғыс хатын алуы керек. Ешқандай құжат тапсырмай, автоматты түрде алуы қажет. Бұл колледж оқытушыларына да қатысты болады. Егер “сарапшы” болса, онда министр бірден Құрмет грамотасын беруі керек, – деді Ғани Бейсембаев.
Бас ұстаздың сөзінше, бұл санаттарға жетудің өзі – еңбек. Сол себепті егер “зерттеуші” болса, «Білім саласы қызметінің құрметті қызметкері” медалі берілуі керек. “Шебер” санатына жеткен маманға автоматты түрде Ы.Алтынсарин медалі табысталуы қажет.
“Шебер-педагогтерді” ынталандырып, олардың осы санатта ұзақ қалуы үшін Ы.Алтынсарин медалінің санын көбейтіп, оны 3 деңгейге бөлдік. Олар – қола, күміс және алтын. Егер 5 жыл бойы елге өзінің қызметін көрсетіп жүрсе, онда күміс медаль, ал 10-15 жыл бойы “шебер” санатынан түспей, халыққа танымал болып еңбек етіп жүрсе, онда болашақта алтын жалатылған Ы.Алтынсарин медалін береміз. Менің ойымша, бұрынғы конкурстарды, олимпиадаларды өткізуді тоқтату керек. Мысалы, “Үздік педагог”. Егер мұғалім “шебер” болса, оған қосымша конкурстардың қажеті қанша?! Шеберге 3-4 млн теңгені осы бағыттағы көп жылдық еңбегі үшін неге табыстамасқа? Еңбектеніп, маңдай терін төгіп жүрген адам өзін әрдайым көрсете бермейді. Осы жолы бәрі керемет ұзтаз деп мақтайтын, бірақ бір қағаз үшін ғана “Үздік педагогке” өте алмаған әріптестерімді ынталандырғым келеді, – деп түсіндірді ол.
Бейсембаев осындай үздік педагогтерді министрлік тауып, оларды қажырлы еңбегі үшін марапаттауы керегін айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!