Сурет: pixabayҚР Оқу-ағарту министрлігі жеке білім беру ұйымдарын тексеруге мораторийді алып тастап, балалар лагерлерін лицензиялауды енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министрлік мұндай түзетулерді жекеменшік балабақшалардағы бірқатар келеңсіз оқиғалардан соң әзірлей бастаған.
«Біз заңнамаға түзетулер пакетін дайындадық және ол барлық білім беру ұйымына – балаларды дамыту орталығы, балабақша, мектеп немесе колледж болсын, жеке бизнес болса да, бәрібір, кедергісіз қолжетімді болуы керек. Мораторийді алып тастау керек», – деді Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Сонымен қатар ол балалар лагерьлері талапқа мазмұны мен инфрақұрылымы жағынан сай болуы үшін оларды лицензиялауды енгізуді ұсынды.
«Лицензиясыз мектеп, колледж ашу мүмкін емес. Ал олар лагерьді қалай ашқан? Төсек қояды, асхана жасайды, аспаздарды әкеледі. Тіпті бұл туралы ешкімге де ескертпейді. Сондықтан лицензиялауды енгізу маңызды. Барлық лагерь талапқа сай болуы үшін лицензияны қабылдау керек», – деп қосты Насымжан Оспанова.
17 шілде күні интернетте Алматы маңындағы балалар лагерлерінің бірі туралы ақпарат пайда болды. Тұрмысы төмен отбасының балалары «Арман дала» лагеріне тегін жолдама алып, барады. Алайда олардың демалысы қорқынышты түске айналған. Онда балаларды сауна ғимаратына жайғастырған. Енді Алматы қалалық білім басқармасы балалардың демалысын ұйымдастырғаны үшін жосықсыз қызмет көрсетушілерді сотқа бермек. Қалалық прокуратура екі бап бойынша тексеруді бастады. Сонымен қатар қалалық білім бөлімінің лагерьді тексермегені де белгілі болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!