Ғаламторда келесі оқу жылы 2023 жылдың 1 қыркүйегінен емес, 20 тамыздан басталатыны туралы жазба тарады. Оқу-ағарту министрлі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазіргі кезде қаралып жатқан жаңа нормативтік-құқықтық актіге сәйкес, Қазақстанда оқу жылы ресми түрде 20 тамызда басталады деп жазуда.
«Мемлекеттік мектептерде демалыс, сондай-ақ оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдері өзгермейді. Каникул кезеңі өзгеріссіз қалады, яғни оқу күндерінің саны көбеймейді, ал каникул кезеңі азаймайды. Қазақстандық оқушылар 175 күн оқиды. Каникулдар мен демалыс күндерінің жалпы ұзақтығы 190 күнді құрайды (кібісе жылды қоспағанда). Талқыланып жатқан құжаттың жобасы қамқоршылық кеңестердің келісімімен халықаралық және пилоттық мектептерге оқу жылының жалпы мерзімдерін реттеуге құқық береді», — деп жазды ведомстводан.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, бұған дейін аталған мектептердің өкілдері оқу мерзімі мен каникул кезеңін өз бетінше анықтауға мүмкіндік беруді қолдаған болатын. Бұл ретте халықаралық және пилоттық мектептер (олардың саны өте аз) белгіленген оқу және каникул күндерімен (175 оқу және 190 демалыс күндері) шектеледі.
«Яғни, каникулды қысқарту туралы мәселе қаралып жатқан жоқ. Мемлекеттік мектептер үшін оқу және каникул мерзімдері бекітілген нормалар шеңберінде әрекет ететінін атап өткен жөн. Биылғы оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады, содан кейін каникул басталады», – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!