Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур барысында журналистер оқу орнының бірқатар нысандарымен танысып, тыныс-тіршілігіне қанықты.

Аймағымыздың алдыңғы қатарлы білім ордасы ауыз толтырып айтар жетістіктер мен оң өзгерістерге толы. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті биыл БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары бойынша алғаш рет «Times Higher Education» әлемдік жоғары оқу орындарының рейтингінен көрінді. Сонымен қатар «UI GreenMetric» халықаралық рейтингіне енді. Университеттің 20 білім беру бағдарламасы республиканың үздік үштігіне кіруі де аймағымыздың абыройын асқақтатты.

Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кореяның Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлесіп Жасанды интеллект және информатика институты ашылды. Жаңа оқу жылында институтқа 4 бағыт бойынша, атап айтқанда «Информатика», «Киберқауіпсіздік», «Компьютерлік бағдарламалау және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу», «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлауға ҚР ҒЖБМ 100 білім грантын бөлген.

Оқу ордасындағы оң өзгерістер

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті СеулТехпен бірлесе отырып ашқан ЖИ институты «Lupic» жобасы аясында нәтижелі жұмыс атқаруда. Бұл бірлескен білім бағдарламасы жеті жылға арналған. Технология саласындағы озық оқу орындарының методологиясы, профессорлары, контенттері мен білім беру жүйесін өзімізге енгізе отырып жұмыс процесін бастадық. Білім беріп қана қоймай, ғылыммен де айналысамыз. Мәселен, Қазақстандағы беделді ЖОО- ның бірі Назарбаев университетіндегі ЖИ зертханасына өз студенттерімізді жазғы лагерьге жібереміз. Өткен жылы 40 студент оқып, Кореялық білікті профессорлардан дәріс алды. Соның ішінде 4 студентіміз қазір Бельгиядағы ЖИ институтында білім алуда, – дейді институт директоры Нұрлан Құлмырзаев.

Институт басшысы білім алушылардың бірнеше жаңа жобамен айналысып жатқанын алға тартты. Шетелдік «Алиса» жүйесі іспеттес, дауыс арқылы басқарылатын бағдарламаның қазақша нұсқасына тоқталды. Ол ЖИ көмегімен интернет желісін пайдалана отырып қалаған сұрағыңызға жауап бере алады. Сонымен қатар жас ғалымдардың биометриялық жүйе арқылы адамның жалған сөйлегенін анықтай алатын арнайы камера жасап шығарғанын атап өтті.

– Біз мобильді роботтар мен дрондарға орнатылатын автономды басқарумен айналысамыз. Автономды басқару деп ЖИ көмегімен басқарылатын жүйені атаймыз. Моторы мен аккумуляторы ғана біздікі емес. Ал жобаны бағдарламалау, модельдеу, құрастыру толықтай өзімізге тиесілі. Басты мақсатымыз – адамдардың өмір сүруін жеңілдетіп, барлығын автоматтандыру, – дейді жас ғалым Оралбек Абдуллаев.

Оқу ордасындағы оң өзгерістер

Аймағымыздың бетке ұстар оқу орнына биыл облыс көлемінен ғана емес, басқа өңірлерден де білім алушылар келіп жатқанын институт басшысы сүйіншілей жеткізді. Солардың бірі алматылық Жан Гадильшин оқу ордасы жайлы ойымен бөлісті.

– Өткен жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Кореямен келісімшартқа отырып, байланыс орнатып жатқанын естігенде үлкен қызығушылық пайда болды. Сол қызығушылығым «ақпараттық қауіпсіздік» мамандығын таңдап, осында оқуға түсуіме себеп болды. Мұнда шетелдік университетте білім алу мүмкіндігі бар, – дейді білім алушы.

Айта кететіні, келесі оқу жылынан бастап Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлескен «AI architect», «Data management» жобасы аясында қос дипломды бағдарлама бойынша білім беру жүзеге асырылады.

Мұнда білім алушылар екі жыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде, екі жыл Корея елінде білім алады. Шекара асып білім алудың басты шарты – ағылшын тілін жетік білу. Сондай-ақ Сеул ұлттық техникалық университетінің қаржыландыруымен 190 компьютер, 8 сервер, 5 зертхана жабдықталады. Атап айтсақ, дрондар зертханасы, робототехника және виртуалды зертхана бар. Студенттер орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім ала алады.

Оқу ордасындағы оң өзгерістер

Әрі қарай баспасөз туры инженерлік-бейімділік зертханасында жалғасты. Химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов зертханадағы ғылыми жобалар жайлы баяндады.

– Биыл ҚР ҒЖЖБМ қаржыландыруымен бес жобаны жеңіп алдық. Университет тарихында бір құрылымдық бірлікте осындай жетістікке жету алғаш рет болып отыр. Аталған жоба медициналық, синтетикалық, экологиялық химия салаларына бағытталған. Оның төртеуі іргелі зерттеу болса, біреуі қолданбалы. Ал жүзеге асыру уақыты үш жыл.

Органикалық синтез жүргізу негізінде жаңа биологиялық белсенді заттар алу біздің басты мақсатымыз. Бұл әртүрлі ісік ауруларын емдеуге пайдаланылатын зат. Қазір ісік ауруын емдейтін өнімдер адам ағзасындағы клеткалардың дамуын тежеп тастайды. Мысалы химиялық емдеуде адамның шашы түсу секілді кері әсер беріп жатады. Біздің бағытымыз – аталған процесстің кері әсерін төмендету, – дейді Нұрбол Орынбасарұлы.

Зерттеуші бүгінде үлкен мәселелердің біріне айналған бактерия және әртүрлі микроағзалардың әсерінен тарайтын ауруларға қарсы белсенді заттарды алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Ал экологиялық тұрғыда мұнай қалдықтары сынды қоршаған ортаға зиян келтіретін заттарды химиялық препараттар арқылы тазалау басты бағыттың бірі екенін де тілге тиек етті.

Айтуынша, зертхана тек Республикалық қана емес, Халықаралық деңгейдегі жобаларды да атқаруда. Мәселен, альцгеймер және паркинсон дертін емдеу мақсатында алынған жаңа қосылыстар Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінде, Нидерландының нейропласт орталығында және Португалия университеттерінде сынақтан өтіп, оң нәтижесін беруде.

Бұдан әрі баспасөз туры Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейінде жалғасты. Өңірімізде өзекті мәселеге айналған салада оң өзгерістер бар. Соның бірі «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» білім беру бағдарламасы бойынша бүгінде 80 студент білім алуда. Оларға үш ғылым докторы, сегіз ғылым кандидаты дәріс береді.

Оқу ордасындағы оң өзгерістер

– Кафедрада тек қана дәріс берумен ғана шектелмей, өндіріс орындарымен де байланыс жасап, су тапшылығы проблемаларын шешу мақсатында ғылыми бағдарламаларға қатысамыз. Соның негізінде былтыр 750 миллион тенге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алдық. Жоба барысында қаралатын мәселе су ресурстарын тиімді пайдалану, яғни Қызылорда қаласындағы төгінді суларды қайта пайдалану жолдары, – дейді кафедра меңгерушісі Бауыржан Отарбаев.

Аталмыш жобаның жұмысына биыл екінші жыл. Жылдық есеп беру нәтижесінде жобаны әрі қарай жалғастыруға рұқсат алған. Сондай ақ тек су шаруашылығы мамандары ғана емес, химия-технология саласының, ғылыми зерттеу лабороториясының мамандары мен агрономдар да осы бағытта жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Қызылорда қаласында орташа есеппен тәулігіне 64 000 текше метрден аса су шығарылады екен. Жоғарыда аталған жобаның басты бағыты төгінді суларды қауіпсіз жолмен пайдалану мүмкіндігіне ие болу дейді сала маманы.

Келесі кезекте БАҚ өкілдері университеттің ботаникалық бағына ат басын бұрды. Жалпы көлемі 5 гектар аумақты қамтитын баққа биыл 200 миллионнан астам қаржы жұмсалған. Бақта екі блоктан тұратын жылыжай орналасқан. Жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайтын жылыжайда қиярдың 3 буданы мен қауынның 1 буданы сынақтан өтуде. Сондай-ақ мұнда университеттің білім алушылары зерттеу жұмыстарын жасап, тәжірибеден өтуге мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, қазір ботаникалық бақтағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта саябақ қала тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орнына айналмақ.

Оқу ордасындағы оң өзгерістер

– Ботаникалық бақта сәндік екпе ағаштарымен қатар әртүрлі жеміс ағаштары да өсіріліп жатыр. Былтырдан бастап осы 4 гектар жерді толықтай тамшылатып суару жүйесіне көшірдік. Басты мақсатымыз – әртүрлі дақылдарды будандастыра отырып, сынақтан өткізу. Қазір қияр дақылының үш буданын және тайландтық қауынды облысымызда алғаш рет егіп, сынақтан өткізудеміз. Гүлдеу фазасынан түйнектеу фазасына өтті, – дейді ботаникалық бақ және жылыжай шаруашылығының директоры Самалбек Қосанов.

Бақта клеон, ясин, катальпа және терек ағашының ерекше түрлері бар. Сонымен қатар қоректік ортада биіктігі 20 сантиметрге жеткен тораңғыл ағашын отырғызып, әрі қарай күтіп-баптау жұмыстарын жүргізетінін тілге тиек етті.

Әрі қарай баспасаөз өкілдері тоғызыншы оқу ғимаратында орналасқан Т.Д.Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру орталығы, Арал өңірі экожүйелерін зерттеу халықаралық орталығы және соңғы үш жылда демеушілер есебінен ашылған жаңа дәрісханалармен танысып оқу ордасының тың бастамалары мен жаңа жобаларына куә болды.

Зертхана мамандары отандық табиғи шикізаттарды пайдаланып, косметикалық өнімдерін таныстырды. Сондай-ақ жергілікті дәрілік өсімдіктер мен түрлі жеміс-жидектердің сығындысынан дайындалған емдік шайлар зерттеу алаңында сынақтамадан өтіп жатқанын айтты.

Оқу ордасындағы оң өзгерістер

– Орталықтың басты екі мақсаты – білім беру және ғылыми зерттеулер жүргізу. Шетелдік университеттермен, ғалымдармен тығыз байланыс орнаттық. Негізгі бағытымыз – жасыл химия, яғни жасыл өнімдер жасау. Бүгінде Алматы қаласындағы сынақ орталығынан алғашқы нәтижелер келді. Өніміміздің құрамынан қауіпті элементтер табылмаған және сақталу мерзімі де жоғары бағаға ие болып отыр, – дейді орталық жетекшісі Гүлмира Абызбекова.

Айта кетейік, университетте 30 ғылыми жобаның 23-і Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек 6 халықаралық жоба жүруде. Олар Оңтүстік Корея, Португалия, Япония, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия елдерімен бірлескен жасанды интеллект, химиялық технология, археология, кәсіпкерлікті дамыту, өнер және мәдениеттану, информатика бағытындағы жобалар.

БАҚ өкілдері одан әрі жаңа оқу жылында пайдалануға берілген «Іңкәр 7» жатақханасына табан тіреді. Қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген 300 орындық жатақхананың 180 орны Қорқыт ата атындағы университет студенттеріне берілген. Төрт адамға шақталған бөлмелердің барлығында жеке-жеке асхана, жуынатын бөлме және әжетханасы бар. Бұдан бөлек демалыс орны, компьютермен жабдықталған оқу бөлмесі, кір жуатын бөлме орналасқан.

Оқу ордасындағы оң өзгерістер

Университетте биыл жатақхана мәселесі толық шешімін тапқан. Атап айтқанда, университет балансында 740 орындық 4 жатақхана бар болса, келісімшарт арқылы қосымша 3 жатақханадан 756 орын университет студенттеріне бөлінген. Сондай-ақ биыл 50 орындық коворкинг орталығы бар асхана құрылысы аяқталып, іске қосылады екен.

Баспасөз туры ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызымен бірге университеттің «Open space» форматындағы заманауи кітапханасында түйінделді.

Айтуынша, жаңа оқу жылында 3205 білім алушы қабылданып, оның 1315-і грант иегері атанған. Сондай-ақ биыл оқу орнындағы жалпы контингент он мыңнан асып жығылған, оның 4900-і мемлекеттік грант негізінде білім алушы.

Оқу ордасындағы оң өзгерістер

– Бізде контингент қалай көтеріліп жатыр? Бұл жерде бірінші кезекте сапа мәселесі. Екінші мотивация. Үшіншіден, студенттер инфрақұрылымға баса мән береді. Балалардың қызығушылығына, сұранысына сәйкес жұмыс жасаудамыз.

Жуырда ғана Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастап барған Кореядағы саммитке қатыстық. Жиын аясында Қазақстан мен Кореяның үлкен жобасы ретінде біздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен СеулТехтің бірлескен жобасы талқыланды. Қос тараптың келісімі нәтижесінде бағдарламамызды әрі қарай дамытып, бір бағытта ғана шектеліп қалмай, түрлі жобаларды жандандырамыз, – деді университет ректоры.

Айта кетейік, оқу ордасында бірнеше жылдан бері жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдау мақсатында жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын университеттің ішкі гранты бөлініп келеді. Ал биылдан бастап дәл осы грант көлемі 20 миллионға көтерілген. Сонымен қатар үстіміздегі жылы үш ғалым мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанса, үш ғалым Ұлттық ғылыми кеңестің құрамына еніп отыр.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!