Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда мамырдың соңында жазғы мектептер ашылады, ол жерде қашықтан оқыту кезінде оқу үлгерімі нашарлаған оқушылар олқылықтың орнын толтыра алады, деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Аппарат жиналысында Аймағамбетов биыл оқу жылы елдегі мектептерде дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталатынын айтты.

«26 мамырдан 19 маусымға дейін мектептерде жазғы мектеп ұйымдастырамыз. Жалпы бұл ерікті түрде болады, ол қосымша қаржыландыруды қажет етпейді», – деді министр.

Министрліктің мәлімдеуінше, жазғы мектеп оқушыларға білім берудегі олқылықтың орнын толтыруға, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Баланы жазғы мектепке қабылдау үшін ата-ана өтініш жазуы керек.

Жазғы мектепке ниет білдірген барлық бала қатыса алады. Ол тегін болады, үлгерімі төмен балаларға басты назар аударылады.

«Үлгерімі төмен балаларға көп көңіл бөлуіміз керек. Бізде әдетте талантты, дарынды, үлгерімі жақсы балаларға көп көңіл бөлінеді. Ондай балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызық екені түсінікті, алайда бұл жағдайда басты назар үлгерімі төмен балаларға аударылуы тиіс», – деді Аймағамбетов.

Жазғы мектепте сабақ беретін мұғалімдерге қосымша ақша бөлу жоспарланбаған. Педагогтар осы жылға бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейтін болады. Ұстаздар 19 маусымнан кейін жазғы демалысқа шыға алады.

Сонымен қатар министр жазғы мектептердің жұмысына қатысатын мұғалімдер үшін есеп беруін азайтуды тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!