Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын ұзартуға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік мессенджерлерде тараған оқу жылының мерзімін ұзарту туралы жалған ақпаратқа байланысты Оқу-ағарту министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын және мұндай мәселенің қарастырылмайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жобасында оқу жылының мерзімін, оқу жүктемесін ұзарту немесе қысқарту мәселесі қарастырылмаған. Оқу жылының басталуы мен аяқталу мерзімдері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен бекітіледі, – деді ведомствоның баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.
Министрлік хабарлағандай, 2024 жылғы 10 шілдедегі №174 бұйрығына сәйкес 2024–2025 оқу жылы орта білім беру ұйымдарында 1 қыркүйекте басталды және 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев және салалық ведомство өкілдері бірнеше рет түсіндірме берген болатын.
Құрметті қазақстандықтар, тек ресми ақпарат көздеріне сенулеріңізді және провакацияға ермеулеріңізді сұраймыз, – деді Оқу-ағарту министрлігі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!