Оқулық жайлы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан әйел кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығына сілтеме жасап.

Өткен аптада әйел адам ТикТок әлеуметтік желісінде 2-сынып оқулықтарына қатысты эмоцияға толы пікір білдірген.

Ата-ананың шағымы екі сұрақты қамтыды:

1. Пән атауы неге «Ана тілі» емес, «Қазақ тілі» деп аталады. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін «Ана тілі» болған.

2. «Жазбаша сөйлеу» деген не? Ата-ананы сөйлеу әрекетінің жазбаша түрде де болатыны күйіндіріп, ашуын туғызған.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы аталған сынның негізсіз екенін хабарлап, түсінік берді.

1. Қазақ тілінде оқытатын мектептерде оқытылатын «Ана тілі» мен «Қазақ тілі» – оқу мақсаттары әртүрлі екі түрлі, екі бөлек пән. «Ана тілі» 1-сыныптың ІІ жартысында «Әліппеден» кейін оқытылса, «Қазақ тілі» пәні 2–11 сыныптар аралығын қамтиды. Еліміздегі білім саласында бұл – орныққан, әрі дәстүрлі тәжірибе.

2. «Жазбаша сөйлеу» – филологияда ғана емес, педагогикада ертеден кездесетін, кең тараған термин. Сол себепті Бастауыш білім беру деңгейінің 2–4-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәні үлгілік оқу бағдарламасында бұл ұғым қолданылып, балалардың ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын дамытуды көздеген. Желі қолданушылары өз пікірлерінде де ұқсас жауаптар бергенін атап өткен жөн.

2022 жылдың 17 қыркүйегінде аталаған ата-ана өзінің ТикТок желісінде 2-бейнежазба түсіріп, ҚР Оқу-ағарту министрлігінен, оқулық авторлары мен сарапшылар тобынан эмоцияға беріліп, дөрекілік танытқаны және білместігі үшін кешірім сұрады.

Оның сөзінше, алдыңғы бейнежазбаны мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей, ережені ұмытып тұрғанда түсірген. Ал желіде шу шығарып, талқыға түскен видеосын өшірген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!