Тарих – өткен мен бүгінді сабақтайтын ғасыр куәсі. Сондықтан өмір шежіресінен шет кетпей, оны түсіну маңызды. Ел тарихынан бейхабар болу ұлттың жойылуына түрткі болады. Өскелең ұрпақтың асыл қазынадан құр қалмай, білім байлығынан кенде болмасы үшін мектепте тарих пәні оқытылатыны белгілі. Оқушы бөлімге бөлініп, тарауға жіктелген тақырып мазмұнын меңгеру керек. Бұл аталған пәннен «бестік» алуға ғана емес, тұтас тарихты санаға сіңіруге ықпал етеді. Әйтсе де оқулықтағы олқылықты айта кетпесек болмас. Баспа мен нұсқаның әртүрлі болуымен қоймай, дерек пен дәйектің дәлме-дәл келмеуі, ақпараттың бұрмалануы сынды қателікті қалай ақтап алуға болады? Тіпті бала жасын, сынып санын ескерместен мазмұнын тым күрделендіру санаға салмақ салмай ма? Әріптік қателерді былай қойғанда, жылдан жаңылысу, болмағанды болды деу әбестік.

Иә, тарих – үлкен ғылым. Бір мәліметтен жаңсақ кетудің өзі оқушының дұрыс, бұрысын ажырата алмай, абдырап қалуына себеп болмақ. Неғұрлым қателік көбейген сайын, бала да жадында жатталғанын дұрыс деп таниды. Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтары да қиыспай, тұнған теріс тұжырым екенін айтқандар бар. Сол себепті оқулықты құрастырушылар мәселеге мұқият қарап, зерттеуі жүйелі болса дейміз. Тақырып терең талданып, тілі түсінікті, ақпараты айна-қатесіз болғанда ғана жас өрен өрелі болады. Сонда ғана өткенге көз тастап, болашақ дидарын болжап, бүгінгісіне есеп бере алмақ. Әр оқушы өзі ізденіп, жан-жақты зерделеу керек дегеннің өзінде тарих оқулығымен жаңа табысқан оқушы төтеннен не іздей қойсын? Тіпті 5-сынып оқулығында олқылық көп. Бұл бүгін ғана көтерілген мәселе емес, талай адам талқыға салған тақырып. Жас тарихшы Әлішер Алдоңғар да сұхбатында біраз қателікке тоқталған еді.
-Оқулықтардың сыныптар арасындағы байланысы мүлдем төмен. Мысалы 6-сыныптың Қазақстан тарихы оқулығында «Шыңғысхан 1224 жылы қайтыс болды» деп көрсетілген. Бірақ сол ақпарат 6-сыныптың екінші оқулығы мен 10,11-сынып оқулықтарында 1227 жылмен көрсетілген.
Сондай-ақ, анық тарихи желіге сүйенбеген ақпараттардың болуы. Мысалы 6-сыныптың оқулығында Қимақ қағанатының құрылуы туралы «Тайпаның өз алдына бөлектенуі Батыс Түрік қағанатының құлауы барысында 656 жылы іске асты» дегенді жазып қойған. Ғылыми-тарихи еңбектерге сүйенсек, Батыс Түрік Қағанаты 704 жылы саяси сахнадан мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатқан.
5-сынып оқулығының бірінде ғұн тәңірқұтын «Мөде қаған» деп берсе, екінші кітапта «Шөже қаған» дейді. Тарихи ақпараттарда біркелкілік болуы қажет деп санаймын. Дәл осы секілді ақпараттарда(6-сынып/11-сынып) Иштеми – Дизибул/Сизибул деп берілген. Тарихшы мамандардың білетін ақпаратын 5-сыныптың баласы қайдан білсін?
6-сыныптың оқулығында «ХІ ғасырда қыпшақтар Жетісумен қатар бүкіл Қазақстан жеріне үстемдік етті» деп жазылған. Сонда «942-1212 жылдары Жетісу жерінде өмір сүрген Қарахан мемлекеті билігі қайда болды?» деген заңды сұрақ туады.
6-сыныптың оқулығында көрсетілген Түркі жұртының негізі саналатын теле тайпаларының саны 30 болса, 10-сыныптың оқулығында 15 тайпа деп көрсетілген.
10-сыныптың кітабында «Адамзат тарихындағы жылқы өсірушілердің алғашқы мәдениеті Ботай қонысы б.з.б 3700-3100 жылдары өмір сүрді» деген тіркес бар. Ал дәл осы ақпарат 5-сыныптың кітабында өзге нұсқада берілген, -деді ол.
Қателікті қаздай тізбектесек санына жете алмаспыз. Бұл мақтанатын емес, қынжылатын дүние. Сайып келгенде сапаға сын айтпау үшін де мазмұнда мін болмағаны ләзім. Ал көк қатеден соң амалсыздан бас шайқауға тура келеді. Кемшілікті түзеп, олқылықтың орнын толтыру қажет-ақ. Әйтпесе әртүрлі мағлұматтан миы қатқан бала дүбәра күй кешпей ме? Тарихты қопара қозғамағанымен, тым құрығанда әр сынып оқулығындағы материалдардың бірізділігін қатаң қадағалауға болатын шығар.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!