Көпшілік асқабақты күнделікті ас мәзірінде жиі қолданбаса да, пайдалы дәруменге бай құнарлы тағам екенін жақсы біледі. Тіпті ғалымдар асқабақ дәнегі мен қабығының да адам ағзасына тигізер оң ықпалы көп екенін дәлелдеген. Жуырда Қызылорда қаласындағы Әли Мүсілімұлы  атындағы №101 мектеп лицейінің 5 сынып оқушысы Айша Тұрмахан көкөністің тағы бір тиімді тұсын анықтады. Зейінді жас   асқабақтан сабын және бетке арналған маска дайындап шығаруды қолға алуда.

Айша асқабақтан алынатын тұрмыстық өнімдерді ғылыми жетекшісі Мөлдір Қалдыбектің көмегімен жасаған. Оның бұл жобасы сәтті шығып, 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жобаларының облыстық кезеңінде «Асқабақтың біз білмейтін пайдалы қасиеттері» тақырыбын­дағы ғылыми жобасын қорғаған. Зияткер ерекше туындысын жарыққа шығару үшін бірнеше ай жұмсапты. Медицина және биология бағыты бойынша қала мектептері арасындағы оқушылар арасынан үздік деп танылып, облыстық комиссиядан сәтті өткен Айша бақша өнімінің пайдасымен бөлісті.

– Асқабақтың дәмін онша ұнатпаймын. Бірақ оны зерттей келе құрамындағы пайдалы минералдардың көп екеніне көз жеткіздім. Тіпті оның дәні де пайдалы. Ұстазым Мөлдір Жандосқызымен бірге жобаны біршама уақыт әзірледік. Сабынның үш, масканың екі түрін жасадық. Асқабақ маскалары бет терісінің сұлулығын және балғындығын сақтауға көмектеседі. Оның құрамында дәрумендер, минералдар мен қышқылдар өте көп болғандықтан, теріні нәрлендіріп, ылғалдандырады, – дейді Айша Тұрмахан.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін асқабақтың пайдалы қасиетіне аса мән бермеген Айшаның ғылымға деген қызығу­шылы­ғының артуына жаратылыстану пәнінен сабақ беретін мұғалімі әсер еткен. Зерттеу жұмыстарынан бөлек, талантты оқушының музыкаға да ықыласы ерекше. Бүгінде ол М.Қалауов атындағы өнер мектебінің вокал класына барады. Сондай-ақ  математика және орыс тілі оның сүйіп оқитын пәндері қатарында.

 Алдағы уақытта кішкентай ғалым асқабақ қосылған кремдер мен бетті тазалайтын скрабтар шығаруды жоспарлауда. Химиялық қоспаларсыз дайындалатын асқабақ өнімдері сұлулық индустриясына өз үлесін қосарына сенімдіміз. 

Г.ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!