Жетісу облысы Қаратал ауданы Үштөбе ауылындағы 8-ші сынып оқушысы егде жастағы мұғалімді ұрды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқушыдан соққы жеген Дулат Молдыбайұлы Ахметжанов математика пәнінің мұғалімі, 34 жылдық еңбек өтілі бар педагог. Оқушы мен педагог арасындағы келеңсіз жағдай 14 сәуірде болған.
«Оқушыға алдында сабақта тыныш отырмаған соң мен ескерту жасадым. Қайта-қайта ескерту жасаған соң ол боқтық сөз айтты. Ата-анасына айтып ескерттім. Бала боқтады екен деп, сабақта салғыласып тұратын емес, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға айттым. Ол кісі сөйлесті, бірақ оқушы тынышталмады. Сол сабақ үстіндегі тентектігін көрсетіп жүрді», – дейді Дулат Ахметжанов.
Оқушының бұл қылығы сыныптастарының да ашуына тиген. Олар мұғаліміне араша түспек болған. Олар мұғалім ағайларына оңаша келіп, сыныптастарының айтқанын айтып, шағымдана бастаған.
«Сосын ата-анасының көзінше, оқушының кластасы «сен осылай айттың, былай айттың» деп еді, оқушы ұрмақ болып тұра ұмтылды. Мен «қой, оның не» деп тосқауылдап ем, сол жерде 2-3 рет мені ұрып жіберді. Басым қанап, әбігерге түстім. Менің жүрегім онсыз да ауырып жүрген адаммын, бұл баламен жұмыс істей алмаймын дедім. Бірақ, заңға тартып, ол баланың болашағына балта шабу ойымда жоқ», – дейді педагог.
Оқиға болған сәтте құзырлы орындардан мамандар шақыртылған.
«Сабақ арасындағы ұзақ үзіліс кезінде мұғалім мен оқушы арасында кикілжің туындаған. Ұстаз оқушыға ескерту жасаған, ал бұл жайт балаға ұнамаған көрінеді. Мұғалім аурухананың көмегіне жүгінбеген, полицияға арыз жазудан бас тартқан. Ауданның прокуратурасы барып, мектепте профилактикалық жұмыс жүргізді. Ал, оқушының ата-анасы баласын басқа аудандағы мектепке ауыстыру жөнінде шешімге келді. Жауапты мекемелер оқиғаны қадағалауға алды», – делінген Жетісу облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мектеп әкімшілігінің айтуынша, мұғалімді соққан баланың анасы да метаматика пәнінің мұғалімі.
Қазіргі күні оқушы сабаққа барып жүрген жоқ. Ол басқа мектепте оқуды жөн көріпті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!