Жаңа оқу жылында да оқушылар мектептен білім алуға асықты. Бірақ сақтық шараларын ескерген билік тек 1 сынып оқушыларын ғана мектепте оқытуды ұйғарды. Енді бұл талаптарға өзгеріс еніп, ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша III тоқсаннан бастап 9 және 11 (12) сынып оқушылары аралас форматта білім алады. Енд3 бұл сыныптарда математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия, тарих сынды күрделі пәндер мектепте оқытылады. Осы мақсатта мектептерде икемді сабақ кестесі жасалып, әр сыныпта үзіліс түрлі уақытта ұйымдастырылып, әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін ауысымдар саны көбейтіліп, пәндердің 30%-ы қашықтан оқытылады. Олар информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери дайындық пәндері.
– Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес дәстүрлі оқу форматына кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жүргізілуде. І оқу тоқсанында 37436 бала (22,6 пайыз), ІІ оқу тоқсанда 53568 бала (31,5 пайыз), үшінші оқу тоқсанда 71589 бала (42 пайыз) бала мектепте оқыды. Министрлік бекіткен алгоритмге сәйкес ІІІ оқу тоқсанында балаларды оқыту форматы белгіленді. 1-5 сыныптар үшін кезекші топтар жұмыс істейді. Ал бала саны 300-ден аспайтын мектептерде оқу дәстүрлі форматта ұйымдастырылады. Жалпы алғанда, үшінші оқу тоқсанда 120 мектепте 19 170 оқушы (11%) дәстүрлі форматта білім алса, 180 мектепте 98 445 оқушы (58%) қашықтан оқытылады. Сонымен бірге, ата-аналардың өтінішіне сәйкес 1-5 сынып 2296 кезекші топта – 34398 оқушы (21%), 9, 11 сыныптағы 18 021 (10%) оқушы дәстүрлі білім алады. Үшінші оқу тоқсанында дәстүрлі оқитын оқушы екінші оқу тоқсанымен салыстырғанда саны – 18 021 оқушыға көбейді яғни 10 пайызға артады, – дейді облыстық білім басқармасы басшысы Ақзира Қасымова.
Министрліктің аралас форматта оқуға шешім қабылдауына ата-аналардың уәжі түрткі болған. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектердің оқу жылының соңында қорытынды аттестаттау, кешенді емтихандар мен жоғары оқу орынына түсу үшін ҰБТ тапсыратыны ескерілген. Бүгінде 9 сыныпта 13252 оқушы білім алады. Ал 11 сыныпта 7004 оқушы оқиды. Бұл сыныптарда балалар негізгі пәндерді, яғни қорытынды емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі міндетті пәндер бойынша білім алады. Осы орайда мектептерде санитарлық шаралардың сақталуы басты назарда. COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында облыс бойынша шектеу және карантиндік шаралар туралы жаңа Қаулы қабылданды.
2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап:
– контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін болса дәстүрлі форматта оқуға рұқсат беріледі;
– сыныптарды 15 баладан асырмай, ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін қоса алғанда кезекші сыныптарда оқытуға рұқсат беріледі;
– оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтан оқытуға рұқсат;
– білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады;
2) екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін штаттық оқытуға рұқсат беріледі.
А.Қаржаубайқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!