Ордабасы ауданына қарасты Ынтымақ ауылындағы оқушылар соңғы 34 жыл бойы мал бордақылауға арналған кеңсені мектеп ретінде қолданып келеді екен. 34 жылда күрделі жөндеу көрмеген ғимараттың жауын жауса шатырынан су өтеді. Ал, едендері шіріп жатыр. Көне ғимаратты мұғалімдер мен ата-аналар өздері жамаумен әзер ұстап отыр.
“Мынау желге ұшып кетеді, жамаймыз шатырының бәрін. Жаңағы кісі айтып отыр ғой ағаштарының бәрін ауылда пайға бөлінген қоралар бар, солардың ағашын әкеп жабыстырдық. 23 рет желге ұшты. Мен өзім 19 жыл строительмін, соны жамаудың бәрін осы жерде 5-6 ер мұғалім бар, артындағы детсад ашылды, детсадты көрдіңіздер столовый боп тұрған жерін 6 мұғаліммен ауылдың бәрі салды сол”, – дейді ауыл тұрғыны Бақытбек Найзабаев.
Қазір, мұнда 205 оқушы білім алады. Арнайы пән кабинеттері бұл білім мектеп оқушылары үшін арман. Орын жетіспеген соң 10 мен 11 сынып оқушылары көрші ауылдарға барып оқиды. Мұғалімдер бөлмесі болмаған соң, 33 педагог дәлізде сығылысып отырып сабаққа дайындалады. Онсызда орын жетіспейтін мектепте қажетке жарар 10 кабинеттің бірін асхана міндетті болу керек деген соң биылдан бастап тамақтануға беруге мәжбүр.
“Негізі бір сыныпта 25 оқушы болатын болса, бізде 25 бала сиятын кабинетіміз жоқ қазір. Сол себепті оқушы саны 19-20 болған кезде 2-ге бөлінеді. Сонда бір сыныпта 12 баладан отырады. Бөліп тастаймыз. Сол себепті қазір 2,3,4 сыныптар бәрі 2 сыныптан оқиды”, – дейді Сұлтан Ысқақов атындағы мектеп директорының орынбасары Берік Аспанов.
Ордабасы аудандық білім бөлімі маманының айтуынша, егер мектеп құрылысы облыс мәслихаттың сессиясымен қолдау тауып, қаржы қаралған жағдайда биылғы жылы басталып, келесі жылдың қыркүйек айына пайдалануға берілу жоспарлануда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!