Қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары көптеген белесті бағындырып жүр. Оқушылары да бірталай жоба қорғап, елге танылуда. Әрине, бұл жетістік те, жеңіс те ұстаздар сіңірген еңбектің жемісі.
Жақында Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте өткен «World Robot Olimpiad – 2023» әлем чемпионатының ұлттық кезеңінде Сыр өңіріндегі NIS оқушылары үш жүлделі орын иеленді.
Атап айтар болсақ, «Future Engineers» санатында сайысқа түскен 10-сынып оқушылары Нұрдәулет Әділбек пен Ернұр Сәду автономды көліктер құрастырып, оларды сынамадан өткізді. Нәтижесінде бір командаға ғана есе жіберіп, күмістен медаль тақты.
– Жобаға ұзақ дайындалдық. Нәтижесі жаман болмады. Алдағы уақытта да бұл жобаны әрі қарай дамытамыз деген ойдамыз. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Сыныптастарым да, мектеп оқушылары да жан-жақты, білімге құштар. Ізденімпаз. Мен осындай ортада жүргеніме, білім алуға ынталы оқушылармен бірге оқып жатқаныма қуаныштымын, – дейді Ернұр Сәду.
Үздік шыққан 11-сынып білім алушылары Максим Усольцев пен Дінмұхаммед Абдиев те ІІ орынмен марапатталды. Сыр елінің қос командасы роботтар олимпиадасының қараша айындаөт етін ақтық кезеңіне жолдама ұтып алған.
– Қай уақытта да білім саласы назардан тыс қалмайды. Білім алып, ұстаздардың айтқанын бойға сіңіру арқылы жеңістің дәмін татып келеміз. Оған дәлел жақында ІІ орынға қол жеткіздік. Ұстаздарыма ерекше алғыс білдіргім келеді, – дейді Дінмұхаммед Абдиев.
10-сынып оқушылары Амина Омарова мен Жасия Болатта шығармашылық сайыста «Prediction of Tsunami» атты жобаларын таныстырып, ІІІ орынды иемденді. Бұл автоматты жүйе табиғат апаты – цунами туралы алдын ала ескертіп, апатқа қарсы жасанды толқын жасап, қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Соңғы 20 жылда цунами салдарынан 250 мыңнан астам адам қайтыс болды. Жалпы экономикалық шығын 280 миллиард долларды құрады. Әсіресе, Үнді және Тынық мұхиттарының жағалауында орналасқан елді мекендер зардап шегуде. Қазақстанда цунами апаты мүлдем орындалмайтындықтан осы технологияны өзге мемлекеттерге пайдалану арқылы экономиканы жақсартуға болады, – дейді жас өнертапқыштар.
Айта кетейік, өткен жылы да қызылордалық өрендер ұлттық құрамада Германия еліне барып, ел намысын қорғаған болатын. Оқушылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне атсалысқан информатика пәнінің мұғалімдері – Серік Ахметов пен Анар Кенесары.
Мектепте робототехниканы қосымша сабақ ретінде өткізуге ден қойған білім беру саласында қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Оны үйрететін ұстаздар қауымы да білім жетілдіру курстарынан өтіп, шәкірттерге жаңа технологияны меңгертуде. Осындай сайыстарда бақ сынаған оқушылар әлемнің көкжигін тануға бір табан жақындай түскені байқалады.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!