Заманауи әуендердi, әсiресе, шетелдiк орындаушыларды тыңдап өскен жасөспiрiмдердiң ән сабағына қызығушылық танытпауы жанға батады… Мектеп қабырғасында мiндеттi оқытылатын ән сабағының жай-күйi қандай? Ән-күй деп аталатын пәнге оқушылардың ынта-талабы қандай деңгейде?

Мектепте оқып жүргенде ең бiр қызықты да, асыға күтетiн сабақтың бiрi осы ән-күй болушы едi. Оқушылардың көпшiлiгi әннен сабақ берудi қиялға айналдыратын. Ал бүгiн ше? Бүгiнде қазақи әуендерге құлақ түрiп тыңдамақ түгiл, сабаққа қатысушылардың жалпы саны жанды жабырқатады. Мектепте өзi де сағаты аз бұл пәннен сабақ беруге жас мамандар бел шешiп, бара қоймайды. Ән сабағынан мұғалiм болам деушi жоқтың қасы. 1-6 сыныптар арасында ғана оқытылатын пәннiң мәртебесi осындай күйге түскен.

Республика оқушыларына мектептер әлi де аздық етедi. Бұл туралы бiрiншi рет айтылып отырған жоқ. Ал iргесi ескiден-ақ қаланған мектептерде музыкалық аспаптар жетiспейтiнi тағы бар. Бұл   – өте күрделi проблема. Қосымша үйiрме ұйымдастыру, мектепте мерекелiк шараларды өткiзуде бұл жетiспеушiлiк айқын байқалады. Осы ретте әр мектептiң мұғалiмдерi өз пәнiне ыждаһатпен қараса, игi. Бұл мақсатта үйiрме, концерттiк шаралар жиi ұйымдастырылса. Сондай-ақ эстрада жанрына бейiмi бар балаларға ән салуды, дауыс қоюды үйрету өте маңызды. Себебi бүгiнгi жастардың мұндай әуремен iсi жоқ деуге болады. Дәстүрлi халық әндерi мен қазақ әуендерiн бойына сiңiрген бала үшiн ұлттық рух әнмен келмей ме? Ұлтымыздың уылжыған әуендерiн бiлмей, бала жастайынан батыстық бағытқа бейiмделiп қалады. Осы ретте Сұлтанмахмұт Торайғыров “Қазақтың әнi кетсе – сәнi кетедi, сәнi кетсе – жаны кетедi” деген екен. Эстетикалық тәрбиемен келетiн ұлттығымыздың болашағы зор.

Едiге ОМАРҒАЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!