Білім саласының мамандары Қазақстанда оқушылардың жазғы каникулын екі айға қысқартуды ұсынды.

Олардың сөзінше, тым ұзақ демалған бала оқығанының төрттен бірін ұмытып қалады екен. 

Бірнеше жылдан қалыптасқан үш айлық демалыс нормасы өзгеруі мүмкін. Өйткені білім саласының мамандары бізде оқу жылы қысқа, ал демалыс ұзақ дейді.

“Біздің еліміз оқу жылы – ең қысқа мемлекеттердің бірі. Қазір 34 апта. Ал жазғы демалыс, керісінше, ең ұзақ 130 күн. Салыстырмалы түрде Израилде жазғы каникул 84, Оңтүстік Кореяда 90, Жапонияда 102 күн. Зерттеулер бала ұзақ үзілістен кейін алған білімінің 25 пайызын ұмытып қалатынын көрсетті. Сондықтан елдегі оқу жылын 38 аптаға дейін ұзартуды ұсынамыз. Яғни сабақты 15 тамыздан 5 маусымға дейін қылу керек. Немесе дәстүрлі түрде қыркүйекте бастап, 20 маусымда аяқтауға да болады”, – дейді Binom School атқарушы директоры Арайлым Мағзұмова.

Мұндай жаңалықты естіген қоғамның пікірі екіге жарылды.

“Оған қарсымын. Балалар демалу керек. Күш жинау керек. Айналасын тану керек. Бар жаққа жүру керек. Сол кезде ғана бала дамиды. Тек қана сабақ оқи бермей”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Балғын Сауытова.

Енді бірі үшін бұл оңтайлы шешім. Ата-аналардың бір бөлігі балаларымыз уақытын ойнаумен емес, ойлаумен өткізгені жақсы дейді.

“Балалардың маусымда оқығанының жақсы жағы бар. Олар мектепте, ұстаздардың қарауында болады. Қосымша сабақ оқиды. Әйтпесе таңнан кешке дейін жұмыс істейтін ата-аналарға қиындық туғызады. Бала күтушісі мен әжесі жоқтарға оңай емес. Мысалы біздің әжеміз ешжерде жұмыс істемейді. Бала бағу үшін үйде. Бұл жағынан  қарағанда оқу жылын ұзартудың пайдасы бар”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсел Көпей.

Айнаш Қалиева жарты ғасырға жуық уақытын бала тәрбиесіне арнаған. Білім беру саласының ардагері. Оқу жылын ұзартуға ол үзілді-кесілді қарсы. Біріншіден, біздің оқушылардың таным-түсінігі 9 ай оқып, үш ай жазда демалғанға үйренген. Сондықтан жаңашылдықты оңай қабылдай қоюы екіталай. Екіншіден бұған біздегі ауа-райы да қол емес дейді ардагер ұстаз.

“Қазір біздің балаларымыз әлсіз. Кішкене бірдеңе болса ауырады. Сол себепті олардың демалысы олардың өміріне қажет деп ойлаймын. Бір жылдары 15 шілдеге дейін созып жіберді осы оқу жылын. Ыстық қара терге түсіп балаға білім де қонған жоқ ол уақытта. Соның дұрыс емес екенін біліп келесі жылы өздері алып тастады”, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Айнаш Қалиева.

Ал, балалар оқығанын ұмытады дегенге ардагер ұстаз сенбейді. Себебі жаңа оқу жылын оқушылар өткенді қайталаумен бастайтыны белгілі. Сондықтан онсыз да түрлі эсперименттің алаңына айналған мектепті қалыптасқан стандарттан ауытқыту керек емес деп есептейді.

Оқу-ағарту министрлігі әзір біржақты шешім қабылдай қоймадық деп отыр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!