Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері жоғары сынып оқушыларына арналған қаржылық сауаттылық сабақтарын өткізе бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экономикалық және қаржылық қауіпсіздік. Халықтың қаржылық сауаттылығы» тақырыбында оқушылармен семинар-кездесулер өткізілді. Аталған бастама Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Агенттіктің аумақтық департаменттері Қостанай, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Атырау, Өскемен және Тараз қалаларындағы оқушылар үшін қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақтар өткізіп жатыр.
Оқушылар Экономикалық тергеу қызметінің тәжірибелі қызметкерлерінен банк карталары, интернеттегі сауда және қаржы пирамидаларымен байланысты әртүрлі қаржылық алаяқтық схемалары туралы ауқымды ақпарат алды.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының ел азаматтарының құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында биыл Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 5-11 сынып оқушыларына арналған үлгілік оқу жоспарының вариативтік компонентіне «бизнес және кәсіпкерлік негіздері», «қаржылық сауаттылық» екі компонентін қамтитын «жаһандық құзыреттер» курсы енгізілді.
Сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Агенттіктің 2022-2023 оқу жылының екінші жартыжылдығында жоғары сынып оқушылары арасында қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиада өткізу жөніндегі бастамасын қолдады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!