Қазақстанның ең дамыған мемлекеттер қатарына енуінің басым бағыттарының бірі – қазіргі білім беру мен озық технологияларды дамыту. Адамның толыққанды өмір сүруінің басты шарты ретінде білім беруді дамыту векторы олардың ішкі әлемімен анықталатын өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы білім берудің басты мақсаты – қарқынды түрде дамушы ортада өмір сүруге қабілетті, өзінің мүдделерімен қатар қоғамның мүддесін қамту мақсатында өзін өзі белсендіруге дайын білімді, шығармашыл, білікті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.

         Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны қашан! Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауатылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балалардың қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» деп атап көрсетті.

         Елімізде білім беру жүйесінде соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер орын алуда. Осы үрдістерді жүзеге асыру – білім беру мен тәрбиелеу жүйесінің орталық нысаны ретінде мұғалім қызметінің сапасына байланысты. Ал мұғалім жұмысы білімнің, жауапкершіліктің, қандай да бір мәселені шешуге қатысудың, білім беру технологияларын меңгерудің, еңбекке деген  дұрыс қатынастың, белгілі нәтижеге қол жеткізудің негізінде қалыптасатын ауқымды еңбек.

         Қазіргі мектептегі әр түрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларының, педагогикалық технологиялардың пайда болуы, білім беру үрдісінің саралануы – мұғалімдерді педагогикалық жетістіктерді талдау мен бағалауға мәжбүрлейді. Мұғалімнің үнемі өз жұмысына  шығармашылық элементтерін енгізу машықтары, оқу-тәрбие үрдісінен туындайтын мәселелерді шешудің сауатты тәсілін қолдану талап етіледі. Осы жағдайларға байланысты жаңа заман мұғалімі өзінің қызметін ғылыми тұрғыда саралауы, зерттеушілік жұмыс  дағдыларын  меңгеруі тиіс.

         Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Я.А.Коменскийдің, И.Гербарттың дәстүрлі объект-субъектілі педагогикасының орнын басқасы басты, ол балаға оқу қызметінің субъектісі  ретінде, өзін-өзі танытуға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы тұлға ретінде бағытталған.  Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр.

         Бүгінгі оқытудың басты мақсаты – оқушыларды өзіне қажетті білімді өзі анықтап, оны өзгелермен қарым-қатынас арқылы өздігінен  іздеп таба алатын деңгейге жеткізу. Шығыс даналығында «егер адамға балық берсең, ол бір күн тоқ болады, ал егер қармақ беріп оны қолдануды үйретсең, ол өмір бойы тоқ болады» делінген.

         Мұғалімдер де өз кезегінде өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың  оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқушылар  белсенді қатысатын оқыту ортасын, басқаша айтсақ оқытуды үйрететін  білім ортасын құру керек.

         Біз жылдам өзгеретін әлемде өмір сүріп жатырмыз. Білім берудің көлемі артуда. Сондықтан мұғалім өзінің біліктілігі мен беделін арттыру үшін белсенді жұмыс істеуі қажет. Бүгінгі уақытта мұғалімге сенім артып тапсырылған міндеттердің жүгі ауыр. Ұстаздар қауымы алдында бәсекеге қабілетті, кез-келген ортаға бейімделе алатын, құзіретті, білімді тұлғаны дамыту сынды маңызды міндеттер тұр. Осы маңызды міндеттер жаңаша ойлап,  жаңаша білім беруді талап етеді.

Марат ЕСЕТОВ, 

 №61 орта мектеп директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары,

Арал ауданы,Аралқұм стансасы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!