Аймақтағы білім беру ісінің дамуына «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің қосар үлесі мол. Жаңа әдістеме, тың бастама арқылы колледж жұмысы жүйелі іске асып келеді. Жаңалық та жоқ емес. Колледж директоры Руслан Дүлдүлмен болған сұхбатта студент ізденісі мен ұстаз жетістігі турасында мағлұмат алуға мүмкіндік туды…

– Руслан Кажденбекұлы, әңгіменің әлқиссасын колледж тарихынан бастасаңыз…
– «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің іргетасы 2001 жылы қаланды. Экономика ғылымдарының докторы Шәрбан Баязитова ханымның атсалысумен «Сейхун» институты болып ашылып, көптеген жастың білім алуына мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта білім ордасы маман даярлауда жүйелі жұмыс атқарылуда. Колледж сатылап даму деңгейінен өтіп, 20 жылдың ішінде 300 млн теңгеден астам инвестиция құйылды. Оқу ғимараты жабдықталып, халықаралық үлгідегі спорт кешені салынды. Мұнда озық үлгідегі техникалық және ғылыми мамандықтарға басымдық берілген. Жоғары колледж сапалық технологиялармен қатар, менеджмент, экономика, коммуникативті дағдылар мен тереңдетілген ағылшын тілі бойынша сапалы білімі бар жаңа буын мамандарды дайындайды.
Замана көші алға озған сайын ғылым мен білімге деген талап күн санап өсіп келеді. Техникалық құндылықтар үстемдік құрған кезеңде көш ілгері жүру – өмірлік қажеттілік. Бүгінгі уақыттың тамырын тап басып, еңбек нарығындағы нақты талаптарға жауап бере алатын маман даярлау Сыр еліндегі іргелі оқу орны – «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің алған бағытына айналды. Білім ордасы құрылған күнінен бастап-ақ, сапалы білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық дамудың бастау көзі болды.
– Талапкерлерді оқуға қабылдау қалай жүргізіледі? Қандай мамандықтарға басымдық берілген?
– Заман талабы жаңашыл бағытта білім берудің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мысалы, өткен оқу жылында талапкер қабылдаудың құрылымы жылдағыдан өзгеше болды. Талапкерді оқуға қабылдау «eGov», «College SmartNation» деп аталатын техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік қызметтерді алуға арналған бірыңғай портал арқылы жүзеге асырылды. Бір талапкер бірнеше оқу орнының конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Демек, оқу орындарының арасында нағыз бәсекелестік туды. Мұндай қадамның оқу орындарының арасындағы рейтингке әсер еткені сөзсіз. 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік грант және ақылы негізде колледжді таңдаған талапкерлер саны артты. Бұл осыған дейін жасалған еңбек пен білім саласындағы ізденістің жемісі болса керек.
Қоғамда мамандықтың түрі көп. Бірақ соның ішінде өзіне жақынын таңдау әрбір адамның құзырында. Таңдалған мамандықтың жеке адамның мүдделеріне, бейімділігіне, қабілетіне сәйкес келуі принципке негізделген. Себебі әрбір мамандық білім алушының бойындағы жеке қасиеттеріне сәйкес бағаланады. Атап айтсам, «Төтенше жағдайда қорғану» мамандығына оқуға түсу үшін баланың физиологиялық мүмкіндігі ескерілетіні анық. Сондықтан оқуға тапсыруға келетін талапкерлер қабілетіне қарай, сан түрлі мамандықты таңдап келеді. Біз де сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік мол.
– Академиялық жетістіктен бөлек шығармашылық биікке көтерілген оқушылар бар ма?
− Білім алушының әрбір жетістігі – ортақ мерей. Сондықтан олардың жеңісі мен мәртебесін көтеруге мүдделіміз. Мәселен, колледж студенті Аружан Әлайдар «World bank» ұйымының қаржыландыруымен өткізілген «Zhas Project» жобасына қатысып, «Қазақи нақыштағы брендтер» жобасы бойынша 1 000 000 теңге ұтып алды. Бұл – жаңашыл білім беретін оқу орнының жемісті жұмысының нәтижесі. Ал «Төтенше жағдайда қорғау» мамандығының бір топ студенттері Беларусь, Әзірбайжан республикаларында өткен халықаралық сайыста жүлделі орын иеленіп, ел мәртебесін асқақтатты. Сонымен қатар, 2019 жылы «Worldskills Kazakhstan-2019» ұлттық чемпиона­тында колледж студенті Ернұр Байма­ғамбетов үздіктер қатарынан көрініп, V Республика­лық кәсіби шеберлік чемпиона­тында «Үздік маман» медалімен марапат­талды. Өткен жылы халықаралық деңгейде Тараз қаласында өткізілген «Нео-фольклор» стиліндегі сән дизайнерлерінің І ұлттық бай­қауында колледж сту­денті Айнаш Рашит үздіктер қатарынан көрінды. Еліміздің жас жеткіншіктерін оқытып-тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп, білім саласын дамытуда үлес қосып жүрген «Абылай хан» атындағы жоғары колледж студенттерінің жеткен жетістіктері – оқу орны мәртебесінің жоғары екендігінің көрсеткіші. «Абылай хан» колледжінен түлеп ұшқан түлектер бүгінде өз кәсібінің білікті маманы атанып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда.
2022 жылдың 21 ақпан айында Өскемен қаласында өткен VII қысқы чемпионатында колледж студенті Асхат Қанибай жүлделі І орын алып, спорт шеберлігіне кандидаттық нормативін орындап шықты. Сонымен қатар биыл маусым айында Шымкент қаласында өткен «Қазақстан­ның өрт сөндірушілер мен құтқарушы­лардың спорттық федерация­сы» ҚБ-нің өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ХІІ жазғы чемпиона­тында студентіміз Асхат Қанибай І орынды иеленді. Қазіргі уақытта «Төтенше жағдайда қорғану» маман­дығының студенттері тамыз айында Беларусь Республикасында өтетін ХІ әлемдік чемпионатқа қызу дайындық үстінде.

– Түлек­тер­дің жұмыспен қамтылу жағдайы назарда ма?
– Әрине, білім беру бір бөлек, жемісін көру өзге жұмыс. Түлектердің мамандық бойынша жұмыс істеп, өмірін жақсартуға ұмтылғанын қалаймыз. Бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Мысалы, 2018 жылдан бері оқу орнында «Жұмыспен қамту және кәсіптік бағдар беру» бөлімі ашылған. Онда мамандар түлектермен тығыз байланыс орнатып, дөңгелек үстелдер, облыстық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарымен бірлескен кездесулер, түсіндірме жұмысы жүргізеді. Соның нәтижесінде, түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші артуда. Нарыққа, сұранысқа қажетті мамандықтар оқытылатынын ескерсек, бұл қалыпты құбылыс деп есептеймін.
Сонымен қатар түлектерге кеңес беру, бітірушілерінің кәсіби өсуі мен қозғалыс мониторингін жүргізу, жұмыс беруші мекемелер және әлеуметтік серіктестермен іскерлік қарым-қатынас орнату, колледж түлектері мен студенттеріне еңбек нарығы, бос вакансия туралы мәлімет беру назарда. Аталған жұмыстар нәтиже беріп, бүгінде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 87,5 процентті құрап отыр.
– Колледждің материалдық-техникалық базасы қай өңірде?
– Оқу үрдісінде 43 оқу кабинеті, оның ішінде 2 лингофон кабинеті, 6 компьютер дәрісханасы, 2 жылжымалы компьютер дәрісхана бар. Сондай-ақ 2 электрондық оқу залы, 3 шеберхана, 1 спорт залы білім алушылар үшін жұмыс істеуде. Сонымен қатар студенттердің сыни тұрғыдан ойлауын дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге, ғылымға, технологияға, математикаға қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік беретін «Робототехника», «3D модельдеу», «Auto cad» ІТ кабинеттері жүздіксіз жұмыс істеуде. Бұл – заман талабына төтеп бере алатын, жан-жақты дамыған кәсіби маман даярлау бағытында жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі.
Жалпы «Абылай хан» атындағы жоғары колледжі 2018-2019 оқу жылында облыстағы техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың арасында алғаш болып «Platonus» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізген болатын. Қазіргі таңда аталған білім беру жүйесі үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бұл әрбір білім алушы мен оқытушыға өздерінің негізгі міндетін автоматтандыруға, студенттерге қажетті ақпаратты көруге, білімді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жүйенің мүмкіндігі өте жоғары. Оған қоса білім алушылардың әділ бағалануын да ықпал етуде.
– Өзге өңірлердегі ұстаздармен байланыс бар ма?
– Жақсы шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім беру үшін ең алдымен оқытушы үнемі дамып, ізденісте болуы шарт. Осы мақсатта колледж оқытушылары республикалық, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырып келеді. Соңғы онжылдықта 8 оқытушы Түркия респубикасы Ыстамбұл қаласының техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарымен тәжірибе алмасып, тағылымдамадан өтті. Ал өзге өңірлердің ішінде Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының оқу орындарымен кәсіби тұрғыда тұрақты тәжірибе алмасып отырады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!