Жаңа ұлттық платформаның жасалатыны туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Алдағы жылы педагогтердің біліктілігін тексеру мен аттестаттау процесі біртіндеп автоматты жүйеге ауыспақ. «Педагогтерді аттестаттауға және біліктілікті арттыру жүйесіне қойылатын талаптар қайта қаралып жатыр», – деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

  Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестаттау процесі автоматтандырылады. Бұл – объективтілік пен ашықтықты айтарлықтай арттырады. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталады.  «Мұғалімнің еңбегі оқушының жетістігімен бағалануы керек. Шәкірттері шыңға шыққан педагогтер тиісті айлығы мен марапатын алуы тиіс. Тағы бір айта кететін жайт, ұстаздық қызметке алғаш келгендердің немесе жұмыс өтілінде үзілісі бар педаготердің санаты олардың пайдасына қайта қаралады. Ұлттық платформа арқылы педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімін толық автоматтандыру жоспарлануда. Біз бала оқытуға жан-тәнімен берілген, мықты, өз ісіне жауапты ұстаздарды тарту үшін бар жағдайды жасауымыз керек», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ШҚО тұрғындарымен кездесуде.  2024 жылдың қаңтарында Платформа Шығыс, Батыс, Солтүстік және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылмақ. 

smartnews.kz/news

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!