Биікке ұмтылу –адамзаттың қашанғы арманы, сол үшін күш-қуатын сарп етіп, ақыл-парасатын аямай, өмір талабына жаңалық қосу арқылы интеллектуалды дамудың игілігіне қол жеткізеді. Ғылымды дамыту ақылдың жемісі ғана емес, оның игілігі көптің кәдесіне жарап, өркениет өрісін өрге сүйрейді. Сол себепті қай саланың да қарыштап қадам басуы үшін  ғылымға қамқорлық керек. Бүгінгі таңдаған тақырып осы мәселеге жан-жақты талдау жасап, көп назарына ұсыну еді.

Иә, Қазақстан ғылымы зор әлеуетке ие. Дегенмен елімізде ғалым болу жолында біршама қиындық бар екені жасырын емес. Өңір білімінің қара шаңырағы саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 2012 жылдан бері докторантураның 12 мамандығы бойынша болашақ ғалымдарды оқытып келеді. Бірақ осы уақыт аралығында диссертациялық жұмысын аяқтап, сәтті қорғап шыққандары саусақпен санарлық. Бұл бір ғана Қызылордадағы университетте болып жатқан жайт емес. Тұтас Қазақстандағы проблема.

Жалпы докторлық жұмыс екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі – гуманитарлық, екіншісі – техникалық. Қиындықтың көбі біріншісіне тиесілі. Ал техникалық бағытта еңбегін қорғап шыққандар саны гуманитарлыққа қарағанда едәуір көп. Жалпы бүгінгі ғылымның мәселесіне айналған докторлық жұмысты қорғап шығу жайын бүгінгі сараптамада тарқатып көреміз.

Ботагүл ТҰРҒАНБАЕВА

Профессор, педагогика ғылымдарының докторы Ботагүл Тұрғынбаева  докторантураға үміткерді қабылдау кезінде емтихан санын көбейту керек деп есептейді. Профессордың айтуынша, докторанттардың кейбірі шығармашылық тұрғыдан әлсіз.

– Ең алдымен докторанттардың академиялық жазу үлгісіне төселмегендігі өздеріне көп қиындық туғызады. Әрине, бұл ең алдымен педагогикалық бағыттағы білім алушыларға тиесілі сын ескертпе. Мысалы, бакалаврда курстық жұмыс жазып, магистратурада диссертациялық жұмысын жазып келгеннің өзінде көпшілігі ғылыми тілде жазуға қиналады. Мұндай кемшіліктерді оқуға қабылдаудың кезінде тиянақтап алған жөн секілді.  Біздегі бір кемшілік докторанттарды қабылдау тек тест жүзінде өтетіні. Яғни ILETS көрсеткішімен оқуға қабылданып жатады. Иә, екінші кезеңде белгілі бір әңгімелесу деген тармақтары бар. Бірақ бұл нағыз таланттарды анықтау барысында тым  төмен талап,  өрелі өлшем жетіңкіремейді. Өйткені жоғарыда айтылған кемшіліктерді қазіргі емтихан жүйесінде анықтау мүмкін болмай отыр. Меніңше, байқауға белгілі бір тақырып аясында шығармашылық емтиханды да қосуымыз керек.  Себебі үміткердің әдеби және тілдік қорын зерделеп алуға тиіспіз. Қазіргі талаптың бірі – ағылшын тілін жетік меңгеру. Көбінде педагогика және психология, бастауыш мектеп, мектепке дейінгі тәрбие мамандықтары бойынша бакалавр мамандар докторантурадан тыс қалып жатады. Себеп – ағылшын тілін білмеуі. Ал, сол мамандықтарда  білім алушылардың көбі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері. Міне, осыдан қарама-қайшылық туындайды. 

Рас, бүгінде жұмысын қорғай алмай жүрген докторанттар бар. Мұның бірінші себебі –  талапта бекітілген  Scopus деректер базасына енетін рейтингі басым журналдарға еңбегін шығара алмауы. Бүгінде журналдар бойынша талаптар күшейіп жатыр.  Scopus-қа енетін журналдар 4 квартилге бөлінсе, докторанттың еңбегі 1-інші және 2-інші квартилді журналға шығуға тиіс. Әрине қазір көпшіліктің арасында «мақаланы шетелдік басылымға шығару керек пе?» деген сауал туындап жүр. Осы орайда біз мына тұжырымды түсінуіміз керек. Бүкіләлемдік білім кеңістігін игеріп жатқан кезімізде ғылымның да әлемдік аренаға шығып, танымалдылыққа ие болуы еліміз үшін аса қажет.  Ғылым жолындағы жастарымыздың зерттеу нәтижелері, жаңалықтары  әлемге танылып жатса несі жаман?! Қорқыт ата  немесе Абай атындағы университеттің докторантының жетекшісімен бірге жасаған еңбегі халықаралық деңгейде трендке айналып жатқаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Еліміздегі ғылым саласындағы жалғыз дәреже болғандықтан бұл заңдылықтардың, талаптардың жоғары болғанын құптаймын. Бізде бұрынғыдай «ғылым кандидаты», «ғылым докторы» деген ғылыми атақтар қазір жоқ. Сондықтан маңдайымыздағы жалғыз phd  докторлыққа тән ғылымды дамытып, танытып, кең көлемде ұйымдастыра алу қабілеті бар үміткерлерге талаптың күшейгені құптарлық.

Оқырманға түсінікті болу үшін Scopus пен Web of Science жайлы тарқатсақ. Scopus – 5 мыңнан аса ғылыми журнал құрамына кіретін алпауыт база. Бұл базаға қандай да бір ғылыми журналды енгізудің өзі үлкен еңбекті қажет етеді, себебі талаптары жоғары. Сол журналдарға мақалалары жарияланған ғалымдардың жұмысы Scopus базасында сақталып, өзге зерттеушілердің қолдануына тегін немесе ақылы түрде қолжетімді болады.

Ал Web of Science – әлемде, әсіресе ғалымдар арасында «Ғылым желісі» деген атпен танымал, ғылыми еңбектер мен патенттерді іздеп табуға арналған ауқымды платформа. Білім беру бағытындағы Thomson Reuters медиакомпаниясының бастамасымен құрылған «Ғылым желісінде» қолданушылардың қараған, оқыған және мәлімет алған ғылыми жұмысына сілтемелер беріліп отырады. Ал ғылымдағы сілтеме – ғалым еңбегінің еленуі және ғылыми жаңалығының өміршеңдігі.

Бағдат КӘРБОЗҰЛЫ

Белгілі профессор Бағдат Кәрбозұлы докторанттарға қойылатын талаптардың кейбірімен келіспейді. Педагогикалық бағытта білім алушылардың еңбегін Scopus-қа жариялаудың қажеті шамалы деп есептейді.

– Кеңес үкіметінің кезінде аспирантураны, докторантураны бітірдік. Ол кезде диссертацияға қойылатын талаптар өзгеше еді. Мысалы, кандидаттық немесе докторлық диссертацияда қорғалатын теориялық мәселелер болатын. Кез келген әдебиеттің теориялық немесе тарихи мәселесі бағытында қорғау ұсынылатын. Докторант ғылыми тақырыбы бойынша  зерттеу жұмысын жүргізіп, шешілу жолына атсалысатын. Жаңалық ашпаса да сол салада ғылыми зерттеу жасап,  тоқтамға келіп,  жұмысын қорғайтын. Ал енді PhD докторантура бойынша әртүрлі бағытта қорғалып жатқан диссертацияларда көңіліме қонбайтын тұстар бар. Жалпы мұғалімдер қорғайтын болғандықтан болу керек, методика мәселесіне ерекше мән береді. Диссертацияның екінші бөлімінде көтеріп отырған мәселені міндетті түрде оқытуға қарай ойыстырады. Жалпы методика дегеніміз – белгілі ғалымдардың ой-пікіріне негіздесек, шын мағынасында ғылым емес, әдістердің жиынтығы. Сондықтан диссертацияның бір бөлімін методикаға арнап, докторанттарға талап ету артық нәрсе. Мысалы, мектеп мұғалімі Абай өлеңдерін оқытсын. Оны қалай оқытады – мұғалімнің өз еркі. Ал методика – сол оқытудың бір тәсілі. Әдіс-тәсілді ғылымға енгізіп, докторанттан талап ету, меніңше, қисынға келмейді. Сонымен қатар Кеңес кезінде бір ұтқанымыз, докторанттардың сабағын күнтізбеге енгізіп, аудиторияға қамап, дәріс берген емес. Ғылым жолына келген талапкерге ең алдымен еркіндік, зерттеу жұмысына қолайлы уақыт беретін.

Диссертацияны тарау-тарауға бөліп, кафедрада қорғайтынбыз. Профессорлардың пікірін тыңдап, толықтыратын тұстарын ретке келтіретінбіз.  Міне, ғылыми жұмысқа ең әуелі еркіндік керек. Қазір қандай? Докторанттарды белгілі бір күнтізбе арқылы аудиторияға шақырып, лекция оқимыз. Бұл да ғылым үшін артық нәрсе. Мысалы, күнде  үш сағат тілдің теориялық мәселесіне қатысты дәріс тыңдауы оғаш көрінеді. Әрине, артық білімнің зияны болмас, бірақ докторлық диссертацияға қатысы болса бір сәрі. Жалпы докторант өзіне қажеттісін белгілі бір ғылыми әдебиеттерден табады. Сондықтан уақытын орталық кітапханаларда өткізгені тиімді. Менің ең басты келіспейтін дүнием, докторанттың Scopus-қа енетін журналдарға мақала жариялауы. Енді қараңыз, педагогикалық бағытта білім алушы алдымен тақырыбына сәйкес мақала жазады. Оны ағылшын тіліне аударады. Өзі аударса бір сәрі. Сөзсіз қаржыға аудартады. Еңбегін шетелдік басылымдарға жібереді.  Шықса жөн. Жылдап редакцияда шаң басып, шықпай жатады. Шығару тағы қаражатқа келіп тіреледі. Бұл бизнес емей не? Әрине оңай жерден табыс табудың жолы.  Scopus диссертацияның негізгі талабы болғандықтан, барлығы шетел басылымдарымен қарым-қатынас жүргізіп,  еңбегін шығарудың амалын қарастырады. Ана тілінде қорғайтын докторанттарға  Scopus-қа материал шығарудың не керегі бар?! Жоғары аттестациялық комитет бекіткен  журналдар бар. Мысалы, әдебиетке байланысты «Қазақ тарихы» деген секілді. Сол басылымдарға жариялаудың өзін жетістікке жатқызуымыз керек. Шет ел басылымдарының бизнесін дамытып, соған қомақты қаржыны құюдың қажеті жоқ. Scopus-ты отандық ғылымның дамуы үшін жасаланып жатқан дүние деп айтудың қажеті шамалы. Қазір 2-3 докторанттың жұмысы 100 пайыз қорғауға дайын тұр. Мақаласы Scopus-қа шықпағандықтан қорғауға қолын байлап отыр. Міне, осындай жағдайдан кейін болашақ докторларымыздың біршамасы қиындыққа тап болып жүр. Сондай-ақ ережеге сәйкес докторанттың отандық ғалымнан бөлек халықаралық жетекшісі болады. Яғни тақырып аясында үн қосатын кеңесшісі. Бұл жүйеге де қарсылығым бар. Өйткені жазылған дүниені халықаралық кеңесші оқып, танысады дегенге сенбеймін. Айталық, Англияның ғалымы отандық докторанттың жұмысына қызығушылықпен қарайтынына сенбеймін. Диссертанттың өтініші бойынша пікірін бере салуы мүмкін. Жоғарыда аталған мәселенің соңғы екеуін формализм деп атағанымыз жөн. Ал, формализм – ғылымды дамытпайды, қайта кері тежейді.

Асхат АЙМАҒАНБЕТОВ

Ғылым және білім министрі Асхат Айтмағанбетовтың мәліметінше, Scopus деректер базасына докторанттардың еңбегін жариялау қиын емес. Министрдің ғалымдар күнінде берген дерегіне сүйенсек, соңғы бес жылда отандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарының топ-25%-ына енген. Сонымен қатар мемлекет тарапынан болашақ ғалымдарды, жалпы докторантураға қатысты қолдаудың жүйесі өзгереді. Яғни PhD докторлықтың талаптары күшейетіні анық.

–  2011 жылмен салыстырғанда Scopus деректер базасында қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарының жалпы саны 34,5 есеге, Web of Science деректер базасында 59 есеге өсті. Дегенмен ғылымды одан әрі дамыту үшін елеулі өзгерістер, басқару жүйесі мен қаржыландыру тетіктерін жетілдіру талап етіледі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметке қаржыландыруды айтарлықтай ұлғайтуды тапсырды, бұл ретте жүйені сапалы өзгерту бойынша түбегейлі шаралар қабылданып жатыр.

Біріншіден, биыл алғаш рет ғылыми-зерттеу институттарының инфрақұрылымын жаңартуға қаражат бөлінді. Келесі жылы біз ғылыми ұйымдардың жабдықтары мен зертханаларын белсенді түрде жаңартамыз.

Екіншіден, ғылыми бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық мақсатты қаржыландыруға арналған байқаулар енді үш жылда бір рет емес, жас ғалымдар арасындағы байқаулар секілді жыл сайын өткізіледі.

Үшіншіден, қаржыны бөлу бойынша ашықтықты арттыру бойынша жұмыс басталды. Өтінім сапасына талаптар да қатая түседі.

Төртіншіден, министрлік жоғары оқу орындары мен академиялық ғылымның интеграциясын жандандырады. Біз конкурстық негізде «академиялық басымдылық орталықтары» құрылатын үздік 10 оқу орнын іріктейміз деп шештік.

Бесіншіден, ғылымды қаржыландыру көлемі 2020-2022 жылдарға екі есе ұлғайды. 2025 жылға қарай ол жалпы ішкі өнімнің 1%-ын құрайды.

Біз сондай-ақ ғалымдарға әлемдік ғылыми орталықтарда зерттеу тағылымдамасынан өту үшін арнайы гранттар бөлуді жоспарлап отырмыз.

Қазірдің өзінде тіл білімі, тарих, философия, әдебиет және т.б. салада іргелі зерттеулермен айналысатын ірі институттардың ғылыми жобаларын тұрақты қаржыландыруға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Олар гранттар алуға тәуелді болмай, тұрақты зерттеулер жүргізуі тиіс. Дәстүрлі гранттардан басқа гранттардың жаңа түрлері енгізілуде: шағын, жедел гранттар мен ұжымға арналған гранттар. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешу үшін ғана бөлінеді. ҰҒК қызметінің ашықтығы артады. Егер бұрын қаржыландыру туралы шешімдер жасырын дауыс беру арқылы қабылданса, енді ашық дауыс беру және ұпай қою арқылы жүзеге асады, отырыстардың онлайн трансляциясы қамтамасыз етілді. Бірақ бұл жеткілікті емес екенін көріп отырмыз, сондықтан бұл салада әрі қарай да жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ ғылымды цифрландыру және ғалымдар үшін есеп беруді қысқарту бойынша шаралар қабылдануда. Қаржыландыруды алу үшін өтінім беру, аралық және қорытынды есептерді тапсыру толығымен сандық форматқа ауыстырылады. Қазақстан ғылымын басқарудың бірыңғай жүйесі (ҚҒББЖ), ғалымдар базасы ғылыми дәйексөздеудің қазақстандық индексі әзірленуде. Әрбір қазақстандық ғалым ҚҒББЖ-дағы жарияланым тізімі, Хирша индексі, іске асырылып жатқан жобалар және т.б. мәліметтер көрсетілген профайлға ие болады. Гранттың немесе бағдарламаның мақсатын, қаржыландыру көлемін, нәтижелерін, бастапқы өтінім мен есептерге өзгерістер енгізудің барлық кезеңін көрсете отырып, мемлекет қаржыландырған барлық жобаның ашық базасы да әзірленеді. Осылайша, біз ғылымға бөлінетін барлық қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етуді көздейміз. Бұдан басқа аталмыш базалар тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін қазақстандық ғылымның даму жағдайы, үрдістері мен проблемалары туралы объективті ақпарат жинауға мүмкіндік береді.

Серікхан ЖҮЗЕЕВ

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс докторанты Серікхан Жүзеев биыл диссертациялық жұмысын қорғауға дайындық үстінде. Еңбегін тиянақтап қойған Серікхан үшін Scopus базасындағы алдыңғы рейтингті журналға мақаласы шықса болғаны, қорғаудың алдында тұр. Болашақ доктор министрдің Scopus жайындағы пікірімен келіспейді.

– Scopus деректер базасына докторанттардың еңбегін жариялау қиын емес дегенге сену қиын. Әсіресе педагогикалық бағыттағы білім алушыларға. Біз оқуға түскен жылы-ақ Scopus базасындағы алдыңғы рейтингті журналдарға еңбегімізді шығару күрделі болатынын біліп, жетекшілерімізбен бірлесіп, мақала жариялауға жұмыс істедік. Екінші курс оқып жүргенде жариялаудың орайын тапқандай болып, мақаламызды шет ел басылымына шығардық. Этнопедагогика және этнопсихология бағыты бойынша мақалам  Scopus базасына енген журналға жарияланды. Шыққан кезде қуандық. Бірақ келер жылы әлгі журнал процентилі 50 болса да, базаның құрамынан шығып қалды. Осылайша гүлденген жұмысымыз бір сәтте күлге айналды. Десе де редакциямен байланыс орнатып, жаңа басылымға жолдама беруін сұрап жатырмыз. Бүгінде шетелдік редакция мен докторантты байланыстыратын делдалдар пайда болған. Қажетті еңбекақысын алып, жазған жұмысты белгілі бір уақыт аралығында шығаруға жәрдемдеседі. Бұл  қызмет бір жағынан дұрыс секілді. Өйткені редакцияға  жолданған мақаланың барлығы бірдей жариялана бермейді. Құнына келетін болсақ, қалтаға қонымды дей алмаймыз. Делдал мен редакцияның шығару қызметін қоса есептегенде 2 000 долларға жуықтайды. Шыны керек, мақаланы шығару маңызды болғандықтан  мұндай соманы төлеуге мұқтажбыз. Одан бөлек Білім және ғылым министрлігінің бақылау комитеті ұсынған отандық басылымдар бар. Сол басылымдарға кемінде үш мақала шығуы тиіс. Соңғы ереже бойынша 4 мақалам жарияланып, 2 халықаралық конференция жинағына еңбегім шықты. Университет тарапынан шетелге іс-сапарға шықтық. Халықаралық кеңесшім психология ғылымдарының докторы, педагогика ғылымдарының PhD докторы Жанетта Стойкова Болгария мемлекетінен болғандықтан сол жаққа барғанды құп көрдік. Бізде ұлттық педагогикаға басымдық берілсе, Болгарияда фольклорлық педагогикаға көңіл бөлінеді екен. Методикалық тұрғыда мықты маман болғандықтан, Жанетта Стойкованың әдіс-тәсілін меңгеріп қайттық. Отандық кеңесшім Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Манат Жайлауовамен бірге қазіргі таңда диссертациялық жұмысымның соңғы дайындығын пысықтап жатырмын.

Нұрғали АҚЫЛБЕКОВ

Еліміздегі ең үздік оқытушы Нұрғали Ақылбеков техникалық бағытта диссертациялық жұмысты қорғау оңай дегенге келіспейді. Сол бағытта ғылыми жұмысын қорғаған PhD докторы тәжірибесінде кездескен қиындықтарды айтты.

– Қазір педагогикалық бағытта дәріс берушілер мен докторанттардың арасында техникалық бағытты жеңіл санайтындар бар көрінеді. Бірақ бұл пікірмен келіспеймін. Мысалы, педагогика саласында білім алушылар зерттеу жұмысын кітапханалардан қарастырса, біз практикалық тұрғыда ізденеміз. Жаратылыстану ғылымдары бойынша химия саласында диссертациялық жұмысымды қорғадым. Зерттеу жұмысымды бірыңғай лабораторияда жүргіздім. Әртүрлі зиянды химикаттармен (бензол, ацетон, хлорофон) жұмыс істедім. Айта кетейін,  бензол мен толуол қосылыстары ісік ауруына шалдықтырады. Қатерлі ауруларды алып келетін зиянды ерітінділермен жұмыс істегендіктен, басымды қатерге тіктім. Міне, көп жағдайда біздің осындай тәуекелге барғанымыз көзге көрінбей жатады. Сондай-ақ диссертацияны қорғауға шыққан кезде зерттеу жұмысымызды іспен көрсетеміз. Ал Scopus-қа келер болсақ, жазған мақаламыз әп-сәтте басылым бетінен табылады деп айта алмаймыз. Ең алдымен зерттеу жүргізіп, нәтижесін білгеннен кейін мақала жазылады. Бұл да бір ұзақ уақытты талап етеді. Әрине техникалық бағыт әлемдік деңгейдің сұранысына ие болғандықтан, жариялым оңай болуы мүмкін.

Жалпы докторантураға кейбір талапкерлердің шәкіртақысына қызығып, оқуға  түсетінін ғалымдардың әңгімесінен байқап қалдық. Рас, докторантураның ең алғаш бөлімі ашылған сәтте шәкіртақы  65 мың теңгені құраса, қазір мұның көрсеткіші 195 мың теңгеге өскен. Алайда ғылымға ынтасымен бет бұрып, ақылы оқуға түсіп, жаңалық ашқан ғалымдарды да кездестірдік. Ол – Жайнагүл Дүйсебекова.

Жайнагүл ДҮЙСЕБЕКОВА

– Мемлекеттің қолдауына ие болып, грант негізінде оқуға қабылданып, ғылымға немқұрайлы қарайтындарды көріп, ішім ашиды. Иә, мен докторантураны ақылы түрде оқыдым. Бір жағынан бұл өзіме мотивация болды. Менің түсінігімде тегін нәрсенің құны болмайды. Өкінбеймін. Білім деңгейін одан әрі жетілдіріп, түбінде PhD докторы атағын иеленіп шықтым. Бірақ бұл атақ оңайлықпен жеткен жоқ. Қаншама еңбектің нәтижесі арқылы діттеген мақсатыма жеттім. Екі қызым бар.  Диссертацияны өзімнің үшінші балам ретінде қарадым (күліп). Бұлай айтатын себебім, алдымен идеяны іштей сақтап, толғатып қағазға түсірудің өзі үлкен мәселе. Қолымды бір сілтеп, тастап кеткім келген кездер де болды. Жасырып қайтеміз, тіл мамандығында білім алушылар ағылшын тілін жөнді білмейді. Соның салдарынан Scopus-қа мақала жариялауда қиындық туындайды. Жеке басымның тәжірибесімен бөлісейін. Шетел тілін мектеп жасынан меңгергендіктен өзгелерге қарағанда жеңілдеу болды. Өйткені редакциямен тікелей байланыс орнаттым. Делдалдардың көмегіне жүгініп, қаржы жұмсамадым. Ең сәтті болғаны Scopus-қа мақалам тегін жарияланды. Барлығы бірдей жеңіл бола бермейді ғой. Мендегі қиындық өзге қалаға барып, қорғау болды. Алматы қаласынан Қызылордаға келіп қорғаймын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. «Қалай қорғаймын?», «Қалай қабылдайды?» деген сауалдарға жауап іздедім. Дегенмен Сыр елі ғылым жолындағы еңбегімді жақсы бағалап, ғалым болуыма жол ашты.

Бақтияр ОСПАНОВ

Белгілі теолог Бақтияр Оспанов – Қызылордада ең алғаш докторантура ашылған сәтте оқуға қабылданған талапкердің бірі. Бірақ Бақтияр мырзаға әлі де қорғау сәті бұйырмай тұр. Себебі не? 

– 2012 жылы Қорқыт ата атындағы университетте докторантураның 12 мамандығы бойынша докторанттарды қабылдай бастады. Сол жылы ғылымға бет бұрып, алғашқылардың бірі болып оқуға қабылдандық. Рас, алдымызда жол көрсететін жан болмағандықтан бізге қиындау болды. Оң-солымызға қарап, бітіріп шықтық. Бірақ әлі де диссертациялық жұмысымды қорғамадым. Оның бірнеше себебі бар. Алдымен оқуды тәмамдаған сәтте денсаулығыма байланысты 2-3 жыл үзілісте болдым. Біз оқыған тұста ғылыми кеңес тек Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында болды. Бірде ашылып, бірде жабылып қалып жүрді. Енді сол кеңес үш жыл ішінде 3 докторлық диссертация қорғалмаса, автоматты түрде күшін жойып, жабылып қалады. Сондай-ақ Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында болғандықтан өз түлектерін қорғауға мүмкіндік қарастырады. Сырттан келген диссертанттар қалыс қалып, жұмысын сәтті қорғай алмаған сәттерді кезіктірдік. Өткен жылдан бастап біздің университетте ғылыми кеңес ашылып, бірнеше докторант жұмысын қорғауға мүмкіндік алды. Енді өз өңірімізден қорғау мүмкіндігі бұйырса, диссертациялық жұмысым 100 пайыз дайын. Scopus-қа да мақалам жарияланды.

Ақерке ЖОЛМАХАНОВА

Жоғарыда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде докторлық жұмысты қорғау үшін ғылыми кеңес ашылғаны сөз болды. Сол кеңестен алғашқылардың бірі болып, зерттеу еңбегін сәтті қорғап, PhD докторы ғылыми атағына ие болған Ақерке Жолмаханова тақырыпты дұрыс таңдау өте маңызды деп санайды.

– Жалпы ғылымға ден қойып, оны соңына дейін зерттеп, зерделеген жандар үшін докторантураның талаптары қиын деп айтуға келмейді. Шынын айту керек, докторанттардың көбі рейтингі жоғары журналдарға мақала шығарудан қиналып жатады. Бірақ Scopus, Web of Science базасына енетін журналдардың көбі мақаланы ақысыз түрде жариялайтынын бірі білсе, бірі білмейді. Ол үшін тікелей редакциямен байланысқа түскен дұрыс. Рас, елдегі маңызды ғылыми жаңалықтар шетелде өзекті болмауы мүмкін. Сондықтан тақырып таңдауда, оның ғылыми өзектілігін айқындауда шеберлік қажет. Мысалы, диссертациялық жұмысым қазақ эмигранттарының естеліктерін оқытуға бағытталды. Жалпы шетелде эмигранттық әдебиет кезең-кезеңімен зерттелген. Сондықтан бұл шетелдік ғалымдар үшін қызықты тақырыптың бірі. Ал біздің елімізде эмигранттық әдебиет, оны жоғары оқу орнында оқыту әдістемесі зерттеу нысанына айналмаған тың тақырып. Сондықтан алғашқы зерттеуші ғалымдардың бірімін деп толық айтуға негіз бар. Осы ретте маған ғылым жолында кеңесшілік жасап, бағыт берген жетекшілеріме және ұстаздарыма алғыс білдіремін.

Докторантураға талапты кез келген адамның бойында ең алдымен ғылымға деген адалдық болу қажет. Сонда ғана ол өз нәтижесін береді. Ал, біздің елімізде PhD докторлықты қорғауға қойылған талаптарды орынды деп есептеймін. Себебі бұл елімізде ғылым саласында берілетін жоғары дәреже болғандықтан, оның өзіндік талабы мен құндылығы болуы шарт.

P.S. Жалпы докторантураға оқуға түсіп, тәмамдағаннан кейін, сол жылдың желтоқсан айына дейін қорғау мүмкіндігі ақысыз жүреді. Егер докторант бұл мүмкіндікті мүлт жіберсе, ақылы негізде қорғауға шығады. Айта кетейік, қорғау құны ғылыми кеңестің кредит санына байланысты өлшенеді. Шамамен бұл сома 300 мың теңгеге жуықтайды.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!