Соңғы қоңырау – он бір жыл бойы білім нәрімен сусындап өскен жас түлек үшін расында да ең соңғысы, ең ыстығы. Әрине, осындай қайталанбас сәттің ерекше, қызықты, есте қаларлықтай өткені дұрыс-ақ. Десе де мына қымбатшылық пен қалтаның қалыңдығына қараған заманда анаумен-мынаумен жарысамын деп артық кетпей, көрпеге қарай көсілген де жөн. Олай дейтінім, қазір мектеп бітіру кеші үлкен той бергенмен пара-пар болып отыр. Фотосессия, соңғы қоңырау, бітіру кешіне 2-3 киімнен сатып алатыны анық. Қыз балалар үшін шаш, бет әрлеу де арзан қызмет емес. Мұғалімге арналған сый-сияпаты тағы бар, банкеті бар бәрін қосқанда ата-ана қалтасына әжептәуір салмақ түседі.

Ал ата-ана баласының қатарынан қалғанын қалай ма? Жоқ, әрине, бала көңіліне кірбің түспесін деп барынша тырысып бағады. Жоқтан бар жасап, қарыз, несие алса да сол ақшаны баласы үшін тауып береді. Мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Бізге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрге қарсы шығып «Жоқ, мен қосылмаймын» деп тағы айта алмайсың. Бітіру кеші жас түлек үшін мереке. Оның жоғарыда айтып өткенімдей, есте қаларлықтай айрықша өткені де жөн шығар. Десе де жылдан жылға жаңа тренд ойлап тауып, кететін шығын көлемін өсірген дұрыс емес. Себебі бүгінгі түлек – болашақ студент, жас маман, ересектік өмірге қадам басқан жас. Міне, ақша, қаржылай қолдау жаңа белеске қадам басқан шақта керек болады. Қалада тұратын жері, ішер тамағы ауылдағыдай тегін емес. Осылайша жаңа өмір басталады. Ақылы оқуға түсетін болсаң ол бар, тегін түстім дегеннің өзінде шәкіртақы бір айға жетер-жетпесі белгісіз.
Ата-ана перзенті үшін бәрін жасайды. Өзі ішіп-жемесе де балама жетсін дейді. Осы орайда түлектерге айтар бір кішігірім бұйымтайым бар. Оқытып, осы күнге жеткізген ата-ананың еңбегін ұғынып үлгерсе деймін. Кейін өздері ата-ана атанғанда ғана «е, бізді де осылай жеткізген екен ғой» деп қолын кеш сермеп жүрмесе екен.
Мектеп бітіру тек мейрам ғана емес, үлкен жауапкершілік артып, арманға қадам басатын шақ. Боямасыз бала шақ, оқушы кезеңнен өзіндік шешім қабылдауға, маман атануға бет бұратын кезең. Өмір жолының үлкен бетбұрысында әр қадамды аңдап басып, ақылмен шешім шығарыңдар дер едім. Себебі сендер үшін осынша тырысқан ата-ана көңіліне дақ, сеніміне селкеу түсіру – үлкен азап. Себебі білім, өнер жолында жеткен әрбір кішкентай жетістігіңнің өзі ата-ана, мектеп, ұстаздар қауымы үшін үлкен мәртебе.

Інжу ЖАҚСЫЛЫҚ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университеті
Журналистика факультетінің
3 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!