Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін 167 мыңға жуық адам өтініш берді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 мыңға көп, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҰБТ 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.Талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.

ҰБТ барысында калькулятор,химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның  шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады,-делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Тестілеу кезінде пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
 
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
 
Еске салсақ, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін  қатысады.

Қаңтар айында өтетін сынаққа қатысу үшін өтініш қабылдау 30 желтоқсанда аяқталды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!