Қызылорда көпсалалы «Ұлағат Қызылорда» колледжі төтенше жағдай жарияланғалы бері қашықтан оқытуды қолға алды. Колледжде қашықтан оқыту ZOOM бағдарламасы және COLLEGE SmartNation.kz ТжКБ автоматтандыру порталы арқылы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ студенттердің уатсап желісі арқылы кері байланысқа шығып, түсінбеген сұрақтарына толық мағлұмат алуына мүмкіндігі бар.
Қазіргі қиын сәтте сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда мұғалімнің атқарар рөлі орасан. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүктеледі: ол қысқа мерзімді оқу жоспарын дайындап, оны қашықтан білім беру жүйесімен астастырып бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырманы орындау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұмысын орындау жөнінде ұсыныс береді. Бұл ретте қашықтан оқыту жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынас бой көрсетеді. Қашықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін педагог оқытудың жаңа технологиясын, компьютерлі және тораптық жүйелерді жетік біліп, оларды қолданумен ісін орындауы шарт.
Қашықтан оқыту әрине білім алушылармен көзбе-көз ақпарат алмасуға, әр кімнің көңіл күйін білуге мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ қашықтан оқыту үшін оқытушы, педагог компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс істей білуі, ақпараттық құралдармен жұмыс істеуге іс жүзінде дағдылануы, сабақ өткізу үрдісінде үйлестіруші болуы қажет.
Қашықтан оқытудың өзіндік артықшылықтары және кемшіліктері орын алуда. Алдымен қиындығына тоқталсам. Оқытушы мен студент арасында бетпе-бет қарым-қатынас болу керек деп ойлаймын. Бұл дәріс барысында оқытушының өз ойын дұрыс жеткізу үшін қажет. Онлайн оқуда студенттердің лекцияны түсінген, түсінбегендігін немесе сұрақ қойғысы келетіндігін ұғу да қиындық туғызады. Сонымен қатар көптеген студент ауылдық жерде болғандықтан, олардың онлайн сабаққа шығуға мүмкіндігі болмайды. Олар ұялы байланыс іздеп тау-тасты кезуге немесе интернет ұстайтын жерлерге қатынап оқуға мәжбүр. Бұл онлайн оқудың басты қиындығы. Техиникалық олқылықтың салдарынан, интернеттің дұрыс жұмыс жасамауынан лекция барысында дауыс естілмей қалу сияқты жағдайлар жиі кездеседі.
Артықшылығына тоқталсақ, бұл курс бойынша жүктелген материалдарды студенттің кез келген уақытта қарап, игере алуы.
Әр студент оқу материалдарын өз қарқынына қарай игеріп, жүктелген дәрісті, бейне дәріс материалын бірнеше рет қарап, күрделі сұрақтарды терең меңгереді.
Қашықтан оқу барысында студент жаңа технологияны, игеруге мүмкіндік алады.
Айнұр РАХЫМЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!