Жуырда Петропавл қаласындағы мектептің бірінде орын алған оқиға халықты дүр сілкіндірді. 9-сынып оқушысы мектепке балта алып келіп, құрдастарын жарақаттаған болатын. Осыдан кейін ата-аналар көптен көтеріліп жүрген «қауіпсіз мектеп» идеясын қайта қозғап, сала басшы­ларынан қауі­псіздікті күшейтуді талап етуде.

Әрине, әрбір ата-ана бала амандын басты орынға қояды. Перзентінің қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Ол үшін балабақша мен мектептердегі қауіпсіздік деңгейін саралауды да назардан тыс қалдырмасы анық. Кейінгі уақытта жеке мектепке сұраныс артуының бір сыры да осы мәселеден туындаса керек.
Қауіпсіздікті талап ету де тегін емес. Осыған дейін мектепте балаларға шабуыл жасау оқиғалары бірнеше рет қай­та­лан­ды. 2019 жылы Тараз­дағы дала­дағы мектеп дәрет­хана­сында болған қылмыс, Павлодар­дағы 15 жастағы мектеп оқушысының төбелесте жан тап­сыруы, Түркіс­тан облысын­дағы мектеп оқушысының мәжбүрлі жұмыс істеуі секілді оқиғалар ел жадында. Осының бәрі мектеп ауласында, мектеп ішінде орын алған жағдайлар. Бұл БАҚ-та жарияланған белгілі жайттар ғана. Елге жетпеген оқиға қаншама десеңізші?! Осы ретте заңды сауал туындайды. Ахуалдың бұлай құбылуына не себеп? Бейнекамера ахауы, күзет әлсіздігі, босаң тәртіп… Қате қай тұста?
Басты қате күзет жайы секілді. Байқасақ, мектеп күзетінде егде жастағы қызметкерлер отырады. Олардың жасөспірім балаға әлі келмек түгілі, қуып жете алмасы белгілі. Мектептерде жиі кездесетін топтық төбелес кезінде ажыратуға әлі келетініне күмән бар. Мамандандырылған, лицензиясы бар күзет дегеннің сапасы сын көтермейді. Күзет фирмалары мұндай жұмысқа зейнеткер, қосымша табыс көзі ретінде қарайтын азаматтарды алуды әдетке айналдырғаны байқалады. Яғни, мектеп қауіпсіздігі кездейсоқ адамдардың қолында. Мұның соңы қандай қайғылы оқиғаға апару мүмкін екені жыл сайын сезілуде. Демек, білім беру реформасы негізінде жүйе ауысқанымен адами фактор ескерусіз қалған секілді.
Аталған мәселені кезінде сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында көтерген еді. Мәселенің өзектілігін баса айтып, шешу жүйесін де ұсынған болатын:
«Би айтқан сөзді құл да айтады, бірақ құлдың аузының дуасы жоқ» деген, бұған дейін де БАҚ-та жиі қозғалған мәселелерді сенатор осылай тағы көтерді. Ол проблемалар – осындай төтенше жағдайды болжайтын жүйенің, алдын алуға қатысты ғылыми базаның жоқтығы. Оқушының психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтауда күйзеліске бейім балаларды алдын ала оқшаулау, шетелдегі балалар қауіпсіздігінің тәжірибесінен елдің қалыс қалған тұстары сынды өзекті жайттар. Тіпті, «Білім туралы» Заңда оқушы мен мұғалімнің қауіпсіздігі жөнінде бір ауыз сөздің жоқтығына да наразы.
Осы орайда, «Еліміздегі білім беру мекемелерінде криминалдық және террористік сипаттағы қауіп-қатерден қорғайтын, оқу орындарындағы оқушыларды, мұғалімдер мен қосалқы персоналды сақтауға арналған қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау жөнінде шұғыл кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз», – деді сенатор.
Жалпы, 5-10 жыл бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мектеп процесін автоматтандыру мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы іске қосылғанын білеміз. Содан бері тұрақты тексеріс пен жүйелі бақылау толастамады. Мәселен, Петропавлдағы жағдайдан кейін Оқу-ағарту министрлігі 20 ақпан мен 17 наурыз аралығында республикадағы барлық оқу орнының кешенді қауіпсіздік жүйесіне тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. 20 наурызда бұл жұмыстың қорытындысы шығуы тиіс. Оған қоса жергілікті атқарушы билікке мектептерді турникет, дабыл нүктесі, кәдімгі лицензиясы бар күзетпен, ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылған бейнекамералармен қамту жүктелген.
Мұның бәрі нәтижесіз емес. Бейнебақылау мен күзет жүйесінің көмегімен көптеген қылмыстың беті ашылып, қаншама қауіптің беті қайтты. Қазіргі таңда елдегі барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз бейнекамерамен қамтылған. Десе де бұрынғы министр Асхат Аймағамбетов бақылау жүйесінің жартысы талапқа қайшы келетінін ашық айтқан. Сондықтан бұл бағытта да атқарылар жұмыс көп.
Осы орайда ескерусіз қалған олқылық – тәрбие жайы. Яғни, бар бәленің бастауы болған жүгенсіздік жағдайдың ушығуына себеп болуда. Сол үшін мектептегі тәрбие сағаттары мен психологиялық көмек көрсету ісі бақылауда болуы шарт. Өйткені, баланы толыққанды дамыту, психологиялық денсаулығын сақтау жолында жұмыс жүргізбеу қауіпсіз мектепті құруға кедергі келтіре бермек.

P.S. Қауіпсіз мектептің соңғы қағидасының бірі – жол қауіпсіздігі. Мектеп пен үй арасында жол жүру ережесін сақтамау қайғылы оқиғаға итермелеуде. Сол себепті соңғы жылдары республика бойынша «Қауіпсіз мектеп автобусы» акциясы тұрақты жүргізілуде. Бұл да «қауіпсіз мектеп» концепциясының ажырамас бөлшегі. Себебі қауіп іштен де, сырттан да туындауы ықтимал.

Мадина ҒАЛЫМҚЫЗЫ,

Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!