“Еркін ел” қоғамдық бірлестігі мен “Қазақ тілі” қоғамының алматылық филиалы баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Олар Ғылым және Жоғары білім министрлігінің департаменті дайындаған «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен” келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды.
Баспасөз конференциясын ұйымдастырушылар елдегі тілдік ахуалдың нақты жағдайларына мысал келтіре отырып, тіл саясатын дамыту мақсатында өз ұсыныстарына назар аударуды «Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасын» қабылдауды кейінге шегеруді, сондай-ақ қазіргі тіл мәселелерін шешудің тиімді жолдарын анықтауды ұсынады.
Олардың айтуынша, тұжырымдаманың мазмұнында қазіргі қазақ тілінде дағдарыс жағдайлары орын алып отыр. Тұжырымдама жобасының мазмұны мемлекет тарапынан қабылданатын «тұжырымдама» ұғымына сәйкес келмейді. Мемлекеттік тұжырымдама ретінде қабылданатын құжаттың негізінде болашақта заңнамалық актiлер мен бағдарламалар қалыптасып, елiмiздегі тiл саясатын дамытудың негiзгi бағыттары жоспарлануы тиiс.
“Тұжырымдаманың қазіргі тіл және қоғам саласындағы өзекті әрі әлі күнге дейін шешімін таба алмайтын мәселелерді реттеуге қауқарлы болуы абзал. Демек бізге заманға сай тұжырымдама мәтіні керек. Тіл жағдайының мүшкіл екені бәрімізге мәлім. Менің ойымша, құжаттың мазмұны оның атауына сәйкес келмейді. Ешқандай да тұжырымдама көріп тұрған жоқпыз. 70 беттен асатын мәтінде тек Тілдер комитетінің қызметі туралы егжей-тегжейлі есеп қана берілген. Оның бірінші бөлігінде ведомство іске асырған іс-шаралар мен жобалар туралы жазылған. Екіншісінде, алдағы жеті жылға жоспарланған жұмыстар көрсетілген. Мемлекеттік тілді оқытатын жеке орталықтар талап ете алатын номиналы 5000 теңге болатын ваучерлерді пайдаланудың егжей-тегжейлі жұмысын қоспағанда жаңа идеялар мен жоспарлар мүлде жазылмаған”, – дейді Земфира Ержан.
Сонымен қатар, оның айтуынша құжат мәтіні қарапайым техникалық талаптарға сәйкес келмейді.
“Мұнда «тіл саясаты мәселелері бойынша кешенді әлеуметтік және аналитикалық зерттеу» деп аталатын сарапталамалардың нақты атаулары жоқ. Сондықтан құжатқа негізделген көптеген статистиканың шығу тегі де, көздері де белгісіз. Әзірлеушілердің немқұрайлы қарағаны соншалық кейбір интернет сілтемелер өтірік қойылған”, – дейді сарапшы.
Бұнымен қоса Земфира Ержан концепцияның басқа да кемшіл тұстарымен бөлісті.
“Не себепті қазақ мектептері түлектерінің қазақ тілін білу деңгейі құжатта B2 деп көрсетіліп тұр? Бұл қаншалықты дұрыс? Неге шет тілін үйренушілер үшін қолданылатын шкала ана тілінде сөйлейтіндерге қатысты қолданылуы керек? Онымен қоса неліктен «азаматтық қоғам» термині бір рет қана айтылады? Тек мына контексте ғана былай жазылған: “тіл комитеті азаматтық қоғам институттарына, белсенді азаматтарға, еріктілерге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақ тілін қолдауға бағытталған акциялар, іс-шаралар, бастамашыл жобалар өткізуде» ақпараттық көмек көрсетуге міндеттеме алады”, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ Земфира Ержан тұжырымдамада қазақ тілін ғылымиландыруға қатысты шаралар қолға алынбағанын сөз етті.
“Не себепті құжатта тіл саясатын қалыптастыру ғылыми талдау мен негіздеуді қажет ететіндігі туралы түсінік жоқ? Оның болашағы мен табысы, әрине, демографиялық көрсеткіштермен байланысты. Бірақ белгілі бір жағдайларда тұжырымдама мемлекеттік тілді дамытуға бағытталуы, ғылымға негізделуі керек”, – дейді ол.
Земфира Ержанның сөзінен кейін белсенділері де келісіп тұжырымдама туралы өз ойларымен бөлісті. Философ Қанағат Жүкешевтің айтуынша, тұжырымдамада нақты парадигма көрсетілгені дұрыс.
“Қазақ тілі ғасырлар бойы “осындай” болып келді. Енді біз оны “осылай” істегенде түзете аламыз деп нақты жазылуы керек. Екіншіден, тұжырымдамамен бірінші кезекте ғалымдар айналысуы тиіс. Тіл жанашырлары, энтузиасттар, қоғамдық ұйымдар, академиялық ғылыми мекемелер барлығы біріге отырып, баяғыдан бері қолға алуы керек еді. Соңғы жылдары 100-ге шақты академиялық орталықтарға барып, осы мәселені көтеріп жүрмін. Тұжырымдама не себепті әлі күнге дейін жасалмады? Өйткені академиялық ғылыми мекемелер оны жасай алмайды. Қолдарынан келсе бір ғасыр уақытта жасауы керек еді. Біздің қазақ тілді филология мұхиттың түкпірінде жатқан бір арал. Бұл тұжырымдаманы министрліктегілер жасап отыр. Олардың арасында академиктер мен профессорлар жоқ. Сол себепті тұжырымдамада ғылыми тілді енгізу үшін ғылыми конференция өткізіліп, осы мәселе талдануы керек”, – дейді ол.
Философтың сөзімен әріптесі Әбдірашит Бәкірұлы да келісіп отыр. Оның ойынша, қазақ тілін азаматтық қоғам және демократия сөздерімен тығыз байланыстырып қарастыруымыз қажет.
“Қазақ тілі мемлекеттің жауапкершілігіндегі ғана құндылық емес. Қазақ тілі – қазақтың қаны мен жаны. Сондықтан да қазақ тілі арқылы қазақ қазақ болып өмір сүреді. Бұл сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың да мәселесі. Оның жауапкершілігі мемлекеттен аз емес. 2021 жылы “Қазақ тілі” ұйымы құрылды. Президент осы іске бастамашыл болған кезде қандай мақсатты көздеді? Қазақ тілі осы қоғамдық ұйымдар арқылы ағып жатқан су сияқты барлық жерге баруы керек. Бұған қоғамдық ұйымдар араласпаса мемлекеттің шамасы жетпейді. Көп жағдайда мемлекеттің іс-әрекеті халықты қазақ тіліне бейімлеудің орнына керісінше қазақ тілінен қашырудың әрекетін жасайды. Ең бірінші, қазақ тіліне деген кедергіні ментальдік тұрғыда жою мәселесін алға қойған жөн. Не себепті біздің қазақ тілі қызықсыз? Не себепті өзге халықтар қазақ тілін бірден игеріп кетпейді? Өйткені олардың кеудесінде 70 жылдан бері қалыптасып қалған мұз бар. Бұны орнына келтіретін өзіміз. Біз ғылым саласында, бизнес саласында, әлеуметтік лингвистика саласында қазақ тілін көркем тұрғыда пайдалануымыз тиіс”, – дейді философ.
Ал жазушы Смағұл Елубай тек тіл мәселесіне ғана емес, тұтас концепцияның өзіне реформа керек дейді. Сөзінше, тұжырымдама басынан бастап жазылғаны дұрыс. Концепцияға соңғы 30 жылдан бері айтылып келе жатқан дүниелер енуі тиіс.
“1989 жылы қабылданған заңның ескірді, әлсіреді. Қазір оның ешқандай күші жоқ. Біздің тілдік жағдайымызды жөндеуге мүлде әсер ете алмады. Осы заңның арқасында шенеуніктердің өзі мемлекеттік тілде сөйлемейтін жағдайға жетті. Сонда бұл заңның не керегі бар? Мен тұрып жатқан аулада балалар кеңес үкіметінде орысша сөйлейтін, әлі күнге дейін орысша сөйлейді. Ешқандай өзгеріс жоқ. Сол себепті ол заңды лақтырып тастайтын уақыт келді. Оның орнына “Мемлекеттік тіл туралы” дербес заң қабылдануы тиіс. Осы мәселе концепцияға кіргізілуі керек еді. Концепцияны жазған адамдар баяғыда 30 жыл қалай жүрдік, әлі де 30 жыл солай жүреміз деген ниетте жазған сияқты”, – дейді ол.
Сонымен қоса жазушы балабақшалар мен мектептерді қазақшалау мәселесіне тоқталды.
“Кеше ғана оқу-ағарту министрі балабақшаларлы қазақшалау туралы шешім қабылдады. Енді мектеп те осыдан кейін тек қана қазақша оқи алады. Демек, қазақ-орыс мектебі дейтін архаизм болуы керек. Мектепті екіге бөлу деген керегі жоқ нәрсе. Онсызда бөлініп болған халықпыз ғой. Мемлекеттік бағдарламамен 10 жыл оқыса орыс та, неміс те, кәріс те қазақша сайрап шығатын болады. Мейлі орысша да білсін. Бірақ алдымен мемлекеттік тілді меңгеруі керек. Ал орыс және қазақ мектебі деп бөліп тастау қоғамды бөліп тастағанмен тең. Ал ертең олар бірінің жағасынан бірі алмасына кім кепіл? Егер мектеп пен балабақша тұтас қазақшаланса бұл мәселе он-ақ жылдың ішінде шешіледі.
Бізді “мемлекеттік машина” құртып тұр. Шенеуніктеріміз өздерінен бастаса, заңды дұрыстаса барлығы жөнделер еді. Республикалық деңгейдегі шенеуніктер, лауазымды адамдар өзара орысша сайрап отырса ешқандай заң жұмыс істемейді. Оны көрген адамдар “бітті қазақ тілі жоқ. орыс тілі болмаса адам болмаймыз” деген жолмен кете береді. 100 жыл тепкінің астында болған тілді көтеру үшін үлкен күш керек”, – дейді жазушы.
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының алматылық филиалының төрағасы Құсман Шалабаев қазақ мемлекетінде өмір сүре тұра қазақ мектебі деген сөзді алып тастауымыз керек деп ойлайды.
“Бір ғана сөзбен мемлекеттік мектеп деп айтылуы тиіс. Ал қалғанының барлығы орыс, ұйғыр мектебі бола ма еш қарсылығымыз жоқ. Осыдан бастағанымыз дұрыс қой. Одан кейін заңға келетін болсақ, барлығын орыстардан алып көшіре салған. Көп нәрсені түсінбейміз. Солардың заңын мемлекетімізде пайдаланып отырмыз. Біз өзіміздің негізгі Ата Заңынымызға көшуіміз керек. Ол жерде барлығы тайға таңба басқандай жазылып кеткен. Одан кейін “ояту керек, ояну керек” деп айтып жатамыз. Оянып жүрмін ғой деп ойлаймыз. Біз негізі құлдық санада өмір сүріп жатырмыз. Біз оны өзіміз түсінбейміз. Біз барлығымыз құлмыз. Біз үрейде жүрміз. Кіші лауазымды шенеуніктен бастап үлкен лауазымды шенеунікке дейін үрейде жүр. Қарапайым тұрғындар оны білмейді. Сол себепті ең алдымен үрейден айырылайық”, – дейді белсенді.
Конференция қатысушылары осы ұжырымдамаға байланысты мынандай міндеттерін іске асыруды көздейді:
- “Екінші өтпелі кезең» тұжырымдамасының негізінде қазіргі қазақ тілін «қауіп төніп тұрған» – «тіл дағдарысы» деп бағалау туралы ереже болуға тиіс, бұл белгіленген дағдарыстық құбылыстарға қарсы тұру үшін тіл саясатының неғұрлым пәрменді және мақсатты құралдарын менеджмент дағдарысы саясаты ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
- Тілдік кеңістікті қалпына келтіруге қабілетті тиімді шаралардың ішінде білім беру жүйесіне эпос мәтіндері негізінде мемлекеттік тілді оқытудың жалпыұлттық әдістемесін енгізу.
- Қоғамдық кеңістіктің, лингвистикалық ландшафттың (көрнекі ақпарат мәтіндері, теле-, аудио-, интернет-жарнама және т.б.) сауаттылығын арттыру мақсатында заңнамалық нормаларды жетілдіру; «тіл полициясы» рөлін атқаратын мемлекеттік құрылымдарды құруды немесе балама ретінде – кәсіби лингвистикалық консультацияның кең жүйесін құруды қарастыру қажет.
- Тұжырымдама Қазақстанның мемлекеттік саясатының мақсаттарына, тілдердің құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормаларға сәйкес келуі, гуманитарлық ғылымдардың жаңа жетістіктеріне негізделуі, «Тіл саясаты және тілді жоспарлау» пәні шеңберінде әзірленген барлық қажетті ережелерді қамтуы тиіс.
- Қазақстанның мемлекеттік тілінің толыққанды жұмыс істеуінің басты шарты оның азаматтарына тән тұрақты ақыл-ой көзқарастары болып табылады, яғни олар өз елі үшін мақтаныш, оның тағдыры үшін жауапкершілік сезінуі тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!