«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мұқтаж абитуренттерге арнап 85 жоғары оқу орнына үш-үштен грант бөледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізге оқу орнына білім ақысын өтеу қиындығына тап болған 1,5 мың жас пен студенттен өтінім түсті. Оларға қалай көмектесуге болатынын ойластырып, шешім қабылдадық. Қамқоршылар кеңесі ол бағдарламаны мақұлдады. Оқу ақысын төлеу қиындығына тап келген, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, ауыл мектептерін бітірген абитуренттерге грант бөлу бағдарламасы бекітілгенін айтып отырмын. Бұл қатарға қаржылық жағдайы қиын жастардан бөлек жетім балалар мен мүгедектігі бар балалар да қосылады. Яғни, олар да осы гранттан үміттене алады», – деді қордың төрағасы Болат Жәмішев.
Алайда бұл жекелеген абитурентке емес, жоғары оқу орындарына беріледі.
«Білім және ғылым министрлігінің грант бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жоғары оқу орындарының әрқайсысына осындай сипаттағы үш гранттан үлестіріледі. Грантқа түсу үшін абитурент оған мемлекеттік грант алуға жеткілікті балл жинауы керек. Бірақ мемлекеттік грант алғысы келетіндер көп болғандықтан, жоғарыда аталған талаптарға сай келетін түлектер мемлекеттік грант иеленуге құқылы болады», – деді қор төрағасы.
Қоғамдық қордың баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл жерде ҰБТ нәтижесі бойынша грантқа 1-2 балл жетпей қалған немесе ҰБТ-дан алған балы жетіп тұрса да аттестаттағы баға көрсеткіштері грант алуына мүмкіндік бермейтін балалар әр жоғары оқу орнына бөлінетін 3 гранттың бірінен үміттене алады. Ол үшін абитурент аз қамтылған отбасының мүшесі немесе жетім бала, мүгедектігі бар бала болуы шарт.
«85 жоғары оқу орнына бакалавриат бадғарламасының 3 грантынан келеді. Одан бөлек аталған мұқтаждық санатына жататын студенттерге 100 шәкіртақы тағайындадық. Бірақ ол үміткерлерді осы салада жұмыс істеп жүрген, студенттерге таныс қайырымдылық қорлары іріктейді.
Бұл бағдарлама бойынша биылғы бюджетке 378 млн теңге бөлінді. Бұл сома жыл сайын өсіп отырады», – деді қоғамдық қордың басшысы.
Аталған брифингіде Қазақстан халқына қоры құрылтайшыларының өкілеті қысқарғаны мәлім болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!