Қазақстандық студенттер Amazon корпорациясының ауқымды халықаралық жобасында жұмыс істеуге мүмкіндік алды. OpenSearch Amazon жобасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Amazon компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2022 жылдың соңында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Amazon компаниясы арасында меморандумға қол қойылған болатын.

Екіжақты келісім аясында Қазақстанда College Contributor Initiative пилоттық бағдарламасы іске қосылды.

Енді еліміздің ЖОО студенттері Amazon компаниясының халықаралық аудиториясы арасында бірінші болып OpenSearch Amazon ашық бастапқы коды бар жобада жұмыс істеуге қатысады.

Еліміздегі техникалық университеттерде оқитын 100-ден астам үздік студент Amazon корпорациясының алдыңғы қатарлы жобасына тікелей қатысуға мүмкіндік алады.

Ақпараттық технологиялар мамандығында білім алатын қазақстандық студенттер үш ай бойы Amazon компаниясы мамандарының жетекшілігімен OpenSearch бойынша тәжірибелік жұмыс жүргізіп, деректер репозиторийлерінің кең бағыты бойынша бастапқы кодқа өзгерістер мен жақсартулар енгізеді.

Бағдарлама студенттердің өз портфолиосына халықаралық жобаларда жұмыс істеу бойынша трек рекордын (басқару нәтижелерін) жасауға, Amazon компаниясының мамандарымен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

OpenSearch жобасы аясында студенттерге өз жұмыстарына толық талдау түріндегі есеп беріледі.

Сондай-ақ, корпорация тәлімгерлерінен ұсынымдар мен пікірлер тыңдап, болашақта Amazon компаниясында тағылымдамадан өтуге, тіпті жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек, Amazon компаниясы OpenSearch Amazon пилоттық жобасын Қазақстанда іске асыру арқылы басқа елдерден студенттер тартып, өрісін кеңейтуге ниетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!