Елімізде 800-астам мұғалім біліктілік санатын және жалақысын көтеру үшін тест жауаптарын сатып алған. Оның ішінде қарапайым мұғалімдер де, мектеп пен колледж басшылары да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұстаздар 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі аралықта ақы төлеген. Мұғалімдердің саудасын қыздырып, тест жауаптарын сатқан Ақтөбе облысындағы компания болып шықты. 2022 жылдан бастап ақша үшін аттестаттаудан тек осы өңірдің педагогтары ғана емес, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан облысының, сондай-ақ Жетісу мен Ұлытаудың мұғалімдері де өткен. Олардың көпшілігі өз орындарында жұмысын жалғастыруда.
Мамандар аталған жүйені өзгерту керек деп дабыл қағады. Егер мұғалім аттестаттаудан өтпесе, онда өз санатын жоғалтады. Сондықтан олар заңды бұзуға мәжбүр.
«Менің ойымша, мұғалім бір рет тапсырған санатты сақтауы керек, әрине, ол оны тестілеу арқылы емес, жетістіктер, оқушыларының білім сапасының көрсеткіштері түрінде растауы керек. Қараңызшы, бізде әскерилер атақ алады, егер ешқандай бұзушылықтар болмаса, олар оны жоғалтпайды, керісінше, әр 5 жыл сайын әскери атағын тағы көтереді», — дейді қазақстандық білім беру сарапшылары лигасының вице-президенті Наталья Дрейт.
Депутаттар да аталған мәселеге алаңдаушылық білдіруде. Олар мұғалімдер заң бұзушылыққа жаппай жүгінгендіктен, тестілеу жүйесінде проблемалар барын айтады.
«Мұғалімдер ренжіді, олар аттестаттаудан өту мүмкін емес екенін айтады. Музыка мұғалімдері немесе дене шынықтыру мұғалімдері өтініш білдіріп, оларға қатысты нақты сұрақтары жоқ екенін, сондықтан аттестаттаудан қалай өту керектігін білмейтін мәселелер бар екенін айтты, сондықтан ең алдымен бұл мәселені шешу керек», — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
Енді аттестаттау форматы өзгереді, бірақ сұрақтардың өзгеретін-өзгермейтіні белгісіз. Мұғалімдер заңды айналып өту үшін алған барлық сертификаттарының күші жойылады. Мұғалімдер алған барлық жәрдемақыларын бюджетке қайтаруға мәжбүр болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!