2023/2024 оқу жылында Қазақстан бойынша 24 мыңнан астам студент бір жоғары оқу орнынан (ЖОО) екіншісіне ауысты. Оқу орнын ауыстырған кезде грант сақтала ма? Қосымша төлем жасау қажет пе? Бұл мәселелерді Tengrinews.kz тілшісі анықтады.
Студенттер нені білуі керек?
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, студенттердің бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне, бір ЖОО-дан екіншісіне ауысуы жазғы және қысқы демалыс кезінде жүзеге асырылады.
Бұл ретте даярлық бағыты, бағдарламаның бейіні, үлгерімі, оқу жетістіктері және академиялық адалдық нормаларын бұзу деректері ескеріледі.
Сонымен қатар, шығармашылық дайындықты талап ететін бағдарламалардан басқа бағдарламаларға ауысу тек ҰБТ сертификаты болған жағдайда мүмкін, оның балы қабылдау ережелерінде белгіленген ең төменгі шектен төмен болмауы тиіс. Басқа бағдарламалардан педагогикалық бағдарламаларға ауысу да белгіленген шектен төмен емес балл жинаған ҰБТ сертификаты болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
«Жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келген жағдайда студент демалыс уақытында басқа ЖОО-ға ауысу туралы өтінішті ректордың атына жаза алады», – деп атап өтті министрлік.
Грант сақтала ма?
Мұны министрліктің баспасөз қызметінен нақтыладық. Нюанстар бар екені белгілі болды.
«Білім беру гранты бойынша оқитын студент басқа ЖОО-ға грантын сақтай отырып ауыса алады. Алайда, жекелеген ЖОО-ларға бөлінген білім грантымен оқуға түскен студенттер мен педагогикалық мамандықтарға квота бойынша түскен студенттер басқа ЖОО-ға тек ақылы негізде ауыса алады», – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар, басқа ЖОО-лардан ұлттық университеттерге ауысқан студенттер, магистранттар, резидентура тыңдаушылары білім беру гранты құнының айырмашылығын төлеуге міндетті.
«Ұлттық университеттердегі грант құны басқа ЖОО-ларға қарағанда жоғары. Сондықтан студенттер грант құнының айырмашылығын төлейді», – деп түсіндірді министрлік.
Министрлік студенттерді ауыстыру тәртібін белгілеу ЖОО құзыретіне кіретінін еске салды. Жоғары оқу орындары студенттерді ауыстыру ережелерін өздері әзірлеп, бекітіп, олардың сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл ережелер 2018 жылы білім министрінің бұйрығымен бекітілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметін реттейтін нормаларға сәйкес әзірленеді. Қажетті құжаттар тізімімен egov.kz порталында танысуға болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!