SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат қабылдау басталды.

Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы мен «Ғылыми тағылымдамалар» жобасына қатысу үшін өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ хабарлады.

Бағдарламаларға құжат тапсыру бірнеше ай бойы жалғасады. «Болашақ» стипендиясына өтінімдер 16 наурыздан 16 қазанға дейін egov.kz порталы арқылы қабылданады. Ал «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасына өтінімдер 16 наурыздан 30 қазанға дейін электронды түрде немесе Астанадағы орталық кеңсесінде тапсырылады.

2026 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілген. Енді халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жүлдегерлері үшін «бакалавриат» санаты енгізілді. Бұл мүмкіндік бірінші, екінші және үшінші орын алған қатысушыларға арналған.

Сонымен қатар атом саласы үшін мамандарды мақсатты даярлау бағыты іске қосылды. Бұдан бөлек, «Жасанды интеллект» бағыты бойынша кәсіби тағылымдамаларға арналған жеке санат енгізілді.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша барлығы 635 стипендия бөлінді. Оның ішінде:

бакалавриат – 20 грант;

магистратура – 400 грант;

докторантура – 50 грант;

тағылымдамалар – 165 грант.

Ал «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында 2026 жылға 250 стипендия қарастырылған.

Бағдарлама жеңімпаздары үшін мемлекет оқу ақысын, тағылымдаманы, әуе билеттерін, сақтандыруды, визалық алымдарды және оқу материалдарын толық қаржыландырады. Сонымен қатар қатысушыларға ай сайын стипендия төленеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!