Астанада өткен стандарттау жөніндегі кеңейтілген ғылыми-техникалық кеңесте ұлттық стандарттар жобалары, оның ішінде деңгейлер бойынша қазақ тілін меңгеруге арналған коммуникативті тілдік құзыреттілік жобасы қаралды. Жоба бойынша енді елімізде кейбір сала мамандары мен студенттеріне қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау бойынша тестілеу өткізілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сурет pexels-тен алынған
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, мұндай стандарттың негізгі мақсаты – қазақ тілін меңгеру деңгейін белгілеу. Кейін Ұлттық тестілеу орталығы тестілеу жүргізіп, тиісті сертификаттар береді.
«ҚР-ның Тіл туралы» заңның қабылдануымен әзірленген стандарттар жұмысты нақты нормалар мен талаптарға сәйкестендіретіндіктен аса қажет болып отыр», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Осылайша, келесі санаттар Қазақстанда міндетті тестілеуден өтеді:
- магистратура мен докторантураға түсетін студенттер;
- мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» корпусының кадр резервіне енгізілген қызметкерлер;
- «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер;
- ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына оқуға түсуге үміткер студенттер;
- Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері
Әзірлеуші – Қазстандарт, аталған жоба 2024 жылдың 1 қаңтарында өткізіледі деп күтілуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!