Білім министрі мен еңбек министрі 2024 жылғы 24 желтоқсандағы Бірлескен бұйрықпен жаңа редакцияда мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін қызметке тағайындау, қызметтен босату қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына орналасу Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің139-бабының 1-тармағына сәйкес тағайындау тәртібімен немесе конкурс бойынша жұмыс берушінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысын конкурс бойынша қабылдауға конкурстық комиссияның оң қорытындысы негіз болып табылады.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау үшін кандидат ұйымға Кодекстің 32-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы білім беру ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау ол тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады.
Конкурс бірқатар кезеңдерді қамтиды:
- бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымы пайда болған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей, конкурс өткізу туралы хабарландыруды конкурсты жариялаған мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында, ресми әлеуметтік желі аккаунттарында жариялау;
- конкурсқа қатысуға кандидаттардан құжаттарды қабылдау;
- кандидаттар құжаттарының бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау;
- мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу.
Конкурсқа қатысу үшін Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш пен құжаттарды электронды немесе қағаз түрінде жіберу керек.
Қандай құжаттарды ұсыну керек:
- жеке басты куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
- кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағы және 3х4 көлеміндегі фото;
- білімі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың көшірмесі;
- еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
- 075/у нысаны бойынша денсаулығы туралы анықтама;
- психикалық мінез-құлық бұзылыстары бар аурудың динамикалық бақылауда жоқтығы туралы анықтама;
- наркологиялық аурудың динамикалық бақылауда жоқтығы туралы анықтама;
- Осы қаулыға 7-қосымшаға сәйкес сертификаттаудан өткені туралы сертификат;
- ҚАЗТЕСТ тапсырғаны туралы сертификат (В1 орта деңгейінен төмен емес)
- Білім беру ұйымын дамытудың перспективалық жоспары;
- түйіндеме;
- біліктілік санатын беру (растау) туралы куәлік.
Кандидаттарды сертификаттауды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұйым конкурс жариялаған мемлекеттік орган өкілдерінің және өзге де жұмылдырылған тұлғалардың рұқсатынсыз ақылы негізде жүзеге асырады.
Сертификаттау электрондық форматта жүргізіледі. ҚР Білім саласындағы заңнамасы бойынша 180 минут ішінде 48 тест сұрақтарына жауап беру қажет. Сертификаттаудан өту үшін шекті деңгей 50% құрайды.
Сертификаттаудан өткені туралы куәлік сертификаттаудан өткен күннен бастап бір жыл бойы жарамды.
Құжаттың толық нұсқасын мына жерден оқи аласыз.
Ережелер 2025 жылғы 7 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!