Оқу-ағарту министрлігі өзгерістер жазғы демалысқа әсер етпейтінін атап өтті, яғни балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады.

Оқу-ағарту министрлігі құрған жұмыс тобы оқу жылын ұзартуға қатысты мамандардың ұсыныстары мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін зерделеді.Бұған дейін сарапшылар оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзарту және оқу жылын 20 тамыздан бастау мәселесін қарау туралы өтінішпен министрлікке бірнеше рет жүгінген болатын.Мамандар Қазақстан әлемдегі каникулы ең ұзақ (130 күн) елдер қатарына кіретінін алға тартты. Ал басқа елдерде каникул мерзімі – 80 күннен 100 күнге дейін.Оның үстіне 5 күндік оқу аптасына көшкен кезде оқу күндерінің саны бірден 34 күнге азайды. Осылайша, орта есеппен алғанда, Қазақстандағы оқу күндерінің жалпы саны шамамен 150 күн болса, дамыған елдерде бұл шамамен 200 күн. Сондай-ақ сарапшылар қосымша оқу апталарының қосылуы күнделікті сабақтың санын, яғни мұғалімнің де, оқушының да күнделікті оқу жүктемесін азайтатынын атап өтті. Ал алты күн оқитын мектептер жаңа талапқа сай бес күндік оқу аптасына ауыса алады.»Оқу жылын ұзартуды қолдаушылар төртінші тоқсанды 20-25 маусымға дейін созуды және оқуды 20 тамыздан бастауды ұсынып отыр. Мамандар бірнеше жылдан бері дабыл қағып, оқушыларымыздың жазғы уақытын компьютер мен смартфондарда ойын ойнаумен өткізіп жатқанда, олардың қатарластары білім алып, оқып жатқанын айтып келеді. Олар бұған дейін де өз дәлелдерін келтірген болатын», – дейді оқу-ағарту министрлігі.Министрлік ғалымдар, психологтар, ата-аналар мен педагогтерден құралған жұмыс тобын құрған. Халықаралық тәжірибе де зерделенді.»Жұмыс тобы мамандардың ұсыныстарын қолдамай, баламалы ұсыныс енгізді: оқу жылының басталу мерзімін өзгертпей, оны бұрынғыдай 1 қыркүйекте қалдыру, ал оқу жылының аяқталу мерзімін 31 мамырға белгілеу. Осылайша, каникулға шығудың айырмашылығы небәрі 5 күн болады. Ал жаз басталғанда, яғни 1 маусымнан бастап балалар демалысқа шыға алады. Осылайша жаз бойы, яғни 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында балалар каникулда болады», – деп түсіндірді ведомство.Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын тек оқу күндері арқылы ғана емес, жалпы оқу жүктемесін азайту, оқу бағдарламаларын жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру және тағы басқа жолдар арқылы жақсартпақ.Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Одан бөлек, оқу жылының ұзақтығын созу оқушыларға қосымша білімге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Өйткені сабақ азаяды, мектептердің кабинет қорына түсетін жүктеме де төмендейді.Салыстырмалы түрде қарасақ, Германия, Англия және Жапонияда жазғы демалыс – 7 апта, Польша, Қытай және Оңтүстік Кореяда – 7-9 апта, Финляндия, Венгрия, Швецияда – 9-11 апта, Латвия, Италия және Португалияда – 11 апта, Қазақстанда – 14 аптаға созылады.

Sputnik. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!