Елімізде 62 мыңнан астам студент жатақханаға зәру. Оның 20 мыңы Алматыда. Бұл туралы онлайн брифинг барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда 62 мың студент жатақханаға мұқтаж. Оның 20 мыңы – алматылық студенттер. Өйткені, ЖОО-ның 40 пайызы осы мегаполисте орналасқан», – дейді спикер.
Сонымен қатар, ол былтыр кәсіпкерлер өз қаражатына Алматыда 1272 орынға сегіз жатақхана салғанын айтты.
«Мегаполисте тек жеке кәсіпкерлердің есебінен 8 жатақхана салынды. Биыл Алматыда бірнеше жоба іске қосылды. Ірі құрылыс компанияларымен келіссөз жүріп жатыр. Егер университет пен инвестор арасындағы барлық келіссөз сәтті аяқталса, онда бір ғана университетке 15-ке жуық жаңа нысан салу жоспарланған. Басқа университеттер де қатысады», – деді ол.
Алпамыс Сатыбалдин Қазақстанда жер телімі бар, бірақ құрылысқа қажет қаражаты жоқ жоғары оқу орындарының бар екенін тілге тиек етті.
«Содан кейін инвестор мен университет арасында ынтымақтастық бар, олар консорциумдық келісім жасайды. Инвестордың ақшасы, университеттің жері. Ортақ үлестік меншік құрылуда, ол шарттық қатынастармен реттеледі. Бұл ретте біз де қаржыландырамыз», – деді Сатыбалдин.
Спикер елімізде МЖӘ тетігі бойынша жатақханалар әлі салынбағанын атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!