Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова өңір «қызыл» аймаққа кірген жағдайда білім беру саласында енгізілетін шектеулер жайында айтты.

«Біріншіден – бұл санитариялық-зарарсыздандыруды күшейту, тазалық жүргізу жиілігін арттыру, кабинеттерді желдету, ауаны зарарсыздандыру. Сонымен қатар кіре берісте сүзгі орнатып, педагогтер мен қызметкерлердің дене қызуын өлшеу қолға алынады», – деді Айжан Есмағамбетов 24kz телеарнасы берген сұхбатында. Оның атап өтуінше, қашықтан оқыту форматы енгізілмейді. Дегенмен, «қызыл» аймаққа түскен өңірлерде мәдени, тәрбие іс-шараларын, сынып және ата-аналар жиналыстарын өткізуге тыйым салынады. «Балабақшаларда топтарды біріктіру арқылы өткізілетін іс-шараларға тыйым енгізіледі. Мектептерде жоғары, орта және төменгі сынып оқушыларын бөлектеу жүргізілуі мүмкін. Бұл оларды мүмкіндігінше бір-бірімен кездеспеуі үшін жасалады. Естеріңізде болса, бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек кіре беріс ұйымдастырған едік», – деді бас санитар дәрігер.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!