Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстандық талапкерлерге қосымша 10 мың грант бөлінетін болды. Бұған дейін түлектер гранттардың әділетсіз бөлінгеніне шағымданған, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, қосымша гранттарға ҰБТ-да 100-ден жоғары балл жинағандар ие болады.

Биыл бюджеттік грантқа 11 мың үміткер көп бақ сынаған. Тиісті департамент өкілдері жекелеген мамандықтар бойынша жоғары бәсекелестік болғанын атап өтті.

Бұған дейін желіде талапкерлер ҰБТ-дан жоғары балл жинаса да, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан келген талапкерлерге квота бөлініп, өздері грантсыз қалғанын айтқан видео пайда болған еді.

Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар тиісті ведомство ықтимал салдар мен тәуекелдерді болжай алмағанын айтты.

«Бір жағынан біз төтенше жағдай аймағындағы балаларға көмектесеміз деп, басқа балалардың құқығын таптадық. Грантқа түсе алмаған балалар сотқа шағымданбақ. Бұл олардың құқығы. Мұндай сот процестері ұзаққа созылады. Мұның нәтижесі қандай болатыны да белгісіз. Тіпті олар істі жеңіп, министрлік оларға бұл гранттар үшін өтемақы төлеуі керек болса да, ол бюджеттен келесі жылы ғана беріледі. Оған тиісті ведомство кінәлі. Нақты, ашық түрде ұйымдастыру керек еді», – деді.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша гранттардың басым бөлігін мемлекет үшін басым мамандықтарды таңдаған талапкерлер алғанын айтты.

«Биылдан бастап жылу энергетикасы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы салаларындағы үлкен проблемаларға байланысты жылу энергетикасы, гидрогеология, ветеринария, ауыл шаруашылығы сияқты мамандықтарға қосымша гранттар бөлініп жатыр. Жоғары балл жинаған студенттердің толық тізімін ректорларымызға тапсырдық. Бұлар – талантты түлектер. Талапкерлер міндетті түрде қабылданып, біздің университеттерде оқуға мүмкіндік береді. Қосымша 10 мыңға жуық грант бөлініп жатыр», – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!