Фото: pixabay.com

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу сол күйі қалады, бірақ оның форматы өзгереді. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкіметте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, 2021 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен ҰБТ форматын қайта құру мен тест сұрақтарының мазмұнын өңдеу бойынша үлкен жоба басталған.

Министрлік екі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірінші тестологтарды дайындау. Өткен аптада бұл жұмыс аяқталған, белгілі француз компаниясы 350 маманды даярлап шығарды. Екінші бағыт – сұрақтардың мазмұны бойынша фин компаниялар тобымен жұмыс.

«Осы оқытылған тестологтар тобы SIT форматына жақын жаңа әдістеме бойынша сұрақтар дайындайды. Бұл халықаралық мойындалған тест. Жаңа ҰБТ-ның форматын сынақтан өткізу үшін бізге кем дегенде 50 мың сұрақ әзірлеу қажет. Бұл жерде айта кетері, біз бұған асықпай, мұқият келуіміз керек. Себебі ҰБТ форматы күрт өзгеріп кетсе, мұның соңы үлкен проблемаларға әкеп соғады, жоғары сынып оқушыларын күні бұрын дайындауымыз керек», – деді Нұрбек.

Сонымен қатар, оның айтуынша, тестілеу форматының өзі де өзгеріске ұшырайды. Тестілеудің жаңа форматын пилоттық режимде келесі жылы бастау жоспарланып отыр.

«Осылайша біз ақырындап SIT халықаралық стандартына ауысамыз. Әрбір талапкер тест тапсыратын орынды, уақытты өзі таңдайды, дайындалады, тапсырады, сертификат алып, өзі оқуға түседі. Яғни ҰБТ қалады, тек оның форматы ғана өзгереді», – деді Саясат Нұрбек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!