Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті орта білім беру ұйымдарына арналған мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеп, бекітіті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ол ерекше назар аударуды және білім беру ұйымдарының көмегін қажет ететін балаларды қамтиды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.

«Мектепішілік есепке үлгерімі төмен, сабақтан жиі қалатын, мектеп Жарғысын және ішкі тәртіп ережелерін бұзатын оқушылар алынады», – делінген хабарламада.

Комитет төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, мектепішілік есеп ерекше педагогикалық назарды, кешенді қолдауды қажет ететін кәмелетке толмағандарды уақтылы анықтауға көмектеседі.

«Бүгінгі таңда барлық мектеп мектепішілік есеп жүргізуді бастады. Мектепішілік есепке алудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру мақсатында біз тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірледік. Енді мектепішілік есепте тұрған әрбір балаға қосымша сабақтар ұйымдастырып, баланың шығармашылық, спорттық әлеуетін ашуды, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді қамтитын жан-жақты көмек көрсетіледі. Оқушыларды есепке алу туралы шешімді білім беру ұйымының алдын алу кеңесі қабылдайды», – дейді Овечкина.

Айта кетcек, мектепішілік есепке алу білім беру ұйымында ғана жүзеге асады. Оның басты мақсаты – балаға жеке әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!