Премьер-министр Әлихан Смайылов «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкімет қаулысына қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжатта жазылғандай, енді мына мамандардың жалақысы өседі:
- жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан басқа білім беру ұйымдарының педагогтері:
- мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамын және басшы қызметкерлері;
- стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының басқарушы, негізгі персоналының жұмыскерлері;
- медицина және фармацевтика қызметкерлерін қоспағанда, азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйым қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорын жұмыскерлері.
Қаулыға сай, аталған санаттағы қызметкерлердің лауазымдық айлықтары енді келесі коэффициенттерді қолдана отырып есептеледі:
- 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,23 мөлшерінде;
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,45 мөлшерінде;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,71 мөлшерінде;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,0 мөлшерінде.
Ал, Қорғаныс министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысы мына коэффициенттерді қолдана отырып көтеріледі:
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,32 мөлшерінде;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,74 мөлшерінде;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 3,2 мөлшерінде.
Қаулы 1 тамыздан бастап күшіне енеді және ол биыл 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!