Қазақстанда үлгерімі нашар оқушылар үшін мамыр айының соңында жазғы мектептер ашылады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтуынша, осылайша оқушылар қашықтан оқыту нәтижесінде туындаған олқылықтардың орнын толтыра алады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Білім министр биыл мектептерде оқу жылы дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталатынын айтты.
«Бұл ретте (26 мамырдан бастап) 19 маусымға дейін мектептерде жазғы мектеп ұйымдастырамыз. Негізінде, бұл ерікті сипатқа ие, бұл шара қосымша қаржыландыруды қажет етпейді», – деді Аймағамбетов.
Ведомство басшысының ойынша, жазғы мектеп оқушыларға білімін жетілдіруге, ал олардың ата-аналарына балалардың жазғы демалысын ойластыруға мүмкіндік береді. Баланы жазғы мектепке қабылдау үшін ата-анасы өтініш жазуы қажет.
Мектепте ниет білдіргендердің бәрі ерікті негізде тегін оқиды. Бұл ретте үлгерімі нашар оқушыларға баса назар аударылады.
«Біз үлгерімі нашар балаларға көп көңіл бөлуіміз керек. Әдетте талантты, дарынды, үлгерімі жақсы балаларға көп көңіл бөлінеді. Бұл балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызықты екені түсінікті, бірақ бұл жағдайда басты назар дәл үлгерімі төмен балаларға аударылуы тиіс», – деді Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, жазғы мектепте сабақ беретін мұғалімдерге қосымша ақша бөлу жоспарланбаған.
«Бұл қаржының барлығы қарастырылған», – деп сендірді Аймағамбетов.
Ведомствода педагогтар биылғы оқу жылына бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейтінін атап өтті.
Мұғалімдер 19 маусымнан кейін жазғы демалысқа шыға алады.
Сонымен қатар, министр жазғы мектептердің жұмысына қатысатын мұғалімдердің есеп беруін азайтуды тапсырды.
«Есеп беру тұрғысынан: формализм жоқ, барынша азайту керек. Кейбір әріптестеріміз есеп жазғанды ұнатады, бұған жол беруге болмайды», – деп түйіндеді Аймағамбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!