Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қала мен ауыл мектептері арасындағы білім алшақтығын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылды жаңғырту туралы айтқанда, білім саласын дамытуға баса көңіл бөлу қажет. Қазіргі уақытта ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасы сын көтермейді. Бұл білімдегі теңсіздікке әкеліп отыр. Білім берудегі кез келген теңсіздік қоғамдағы күрделі әлеуметтік мәселелердің ушығуына әкелетінін бәріміз жақсы түсінеміз. Ауыл балалары физиканы, химияны, биологияны, заманауи зертханаларда оқымайтын болса, нанотехнологияны, биотехнологияны білмесе, үйірмелерде емін-еркін спортпен шынықпайтын болса, жалпы ауыл баласының өмірдегі бәсекеге қабілеттігі туралы айту қиын. Сондықтан да білім теңсіздігі өзекті мәселе», – деді Ж. Сүлейменова Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Депутат PISA рейтингінің 2018 жылдағы зерттеу нәтижесі бойынша қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы 1,5 жылдан 4 жылға дейін созылғанын атап өтті. Ал елімізде қала мен ауыл арасындағы алшақтық ең жоғары 6 облыс тіркелген, олар – БҚО, Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары. Осы 6 облыстағы білім стандартының жоғары деңгейде қамтылуын негізге алу қажет. «Мемлекет басшысы өз Жолдауында жалпы ауыл мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу қажеттігін айтты. Осы ретте ауыл мектептері жан басына қаржыландыруға қашан көшеді? Сапалы білім алу үшін бір балаға қанша қаражат жұмсалатын болады?

Тағы бір үлкен мәселе – сапалы педагог мамандармен қамтамасыз ету. Ұлттық экономика министрлігі қазір «Дипломмен ауылға» жобасының әкімшісі. Бірақ бұл жоба ауыл мектептерін сапалы педагог кадрламен қамтамасыз етуді дұрыс жүзеге асырмай отыр. Қаншама қаражат бөлінгенімен, ол қаражаттың тиімділігі жалпы ауылды дамытуға бағытталмай отыр. Ұлттық экономика министрлігі осы жұмысты қолға алуы керек», – деді депутат.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша стандарттар қайта қаралып жатқанын айтты. «Демография бірінші басымдық болғандықтан, біз ауыл мектептеріне қосымша назар аударамыз. «Ауыл – ел бесігі» жобасына келсек, биылғы жылға 20 млрд теңге бөлінеді. Ал 2024 жылдан 2025 жылға дейін 25 млрд теңгеге дейін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат ұлғайтылатын болады. Кей аудандарда, кей өңірлерде мысалы БҚО-да бөлінетін бюджеттік кредит қазір тұрғын үйге жетпейді, ол да қаралып жатыр, қазір ол төлемді 1,5 мың АЕК-тен 2 мың АЕК-ке арттыру мәселесі талқыланып жатыр.

Бұл да мәселені шешуге көмектеседі деп ойлаймын», – деді Ұлттық экономика министрі. Айта кетейік, Мәжілістегі Үкімет сағатында «Ауыл — Ел бесігі» жобасы талқыланып жатыр. Қазақстанның ауылдарындағы 6 293 елді мекенде 7,8 млн адам тұрады. 2019 жылы елімізде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы іске асырыла бастады. Оның басты мақсаты — ауылдағы адамдардың өмірін жақсарту. Жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңарту және жаңа нысандар салу, жұмыс орындарын құру — осының барлығы аталған бағдарламаны іске асыруды көздейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!