Елімізде ең жоғары деңгейде тұрған жоғарғы оқу орны– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Білім берудің қара шаңырағына айналған ұлттық университет білім беру саласында көш бастап келеді. Университетіміздің өткен тарихына көз жүгіртсек, 1934 жылдары университет алғаш қалана бастаған кезде тек екі факультет жұмыс істеді. Физика-математика және биология факультеттері ғана студенттерді білім ордасына қабылдай бастады. Университет 1934 жылдың 15 қаңтарында білім алушыларға есігін айқара ашып, өз жұмысын бастады, ал 19 қаңтардан бастап алғашқы 54 студент өздерінің студенттік өмірін осы жерден бастады.Осы жылы университетімізге 88 жыл болғалы отыр.
Қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз университеттерден ерекшеленеді.Отандық университеттердің ұлттық рейтінгісінде көшбасшы болуымен қатар, QS халықаралық рейтінгісінде əлемнің 800 үздік университеттері арасында 220 орын алады. Сонымен қатар ТМД елдері арасында Ломоносов университетінен кейінгі екінші орынға ие. Бұл білім беру үдерісіндегі ҚазҰУ-дың артықшылығы деп айта аламыз.
Университет қалашығында білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Кампуста заманауи оқу ғимараттары, ғылыми инфрақұрылым, кітапхана, спорт кешені, интернет-орталық, фудкорттар,кинотеатр, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, студенттер сарайы, әскери кафедра, бассейн, «Жас ғалымдар үйі» бар. Білім алуға ұмтылысыңыз болса, қолайлы ортада білім алғыңыз келсе, бәрі дайын деп айта аламыз.
ҚазҰУ-да 16 факультетте 86 мамандық бойынша жоғары білім (бакалавриат) алу, магистратура мен PhD докторантура бойынша білім беріледі. Оқыту мамандықтарға сәйкес қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Білім беру кредиттік жүйе негізінде жүзеге асады.
Жоғары және арнайы орта білім негізінде білім алу. Оқудың түрлері: күндізгі және қашықтан оқыту. Қашықтан оқу – қазіргі уақытта білім алушылардың ізденісіне сәйкес қолайды білім беру түрі, уақыт өте келе қашықтан оқудың мүмкіндігі мен артықшылықтары айқындалып келеді. Сондықтан ұлттық университет білім берудің кез келген түрін қарастырғанын көре аламыз.
Үздіксіз білім беру жүйесі бейіндік мектеп, колледж, бакалавриат, магистратура, PhD докторантура арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық, қосдипломдық сияқты мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл арқылы студенттер шетелдерде білім алып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады, өздерін ғылыми тұрғыда жетілдіреді.
Бүгінде университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк жұмыс жасайды: 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, академиктер қызмет атқарады. Университетімізде кәсіби білім беру көпсатылы жүйесі бойынша 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алып жатыр. Сонымен қатар кез келген ғылым саласына барғыңыз келсе, ҚазҰУ-ды таңдауға кеңес береміз. Өйткені Қазақ ұлттық университетінің негізгі базасы – ғылым. Сондықтан ғылым жолын қара шаңырақтан бастағаныңыз абзал. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – білім берудің озық технологияларын қолданатын SMART университет. ҚазҰУ-да білім алу – білім мен таза табиғат атмосферасын сезіну.
Болашақ кәсіби мамандар даярлауда теория мен тәжірибені ұштастыра алуды көздеген болашақ талапкерлер мен ғылым жолына түскен жас ғалымдарымызды ұлттық білім ордасына шақырамыз. «Білімге әркімнің де бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы», сондықтан білім жолын талғаммен таңдаушылардың талғамына айналған қара шаңырақтан білім алу – болашақтың кепілі!
жетекші: Данат ЖАНАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, ф.ғ.к.,
Шолпан ӘЛІШЕР, Ақдидар БЕКЖАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының
1- курс магистранттары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!