Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Орталық Азияның ең қуатты суперкомпьютері университетке орнатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшылары ҚазҰУ-ға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютерді орнату туралы меморандумға қол қойды.

Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру маңыздылығын, сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен білім беруді дамыту бағытындағы  ауқымды бастама болды. Нәтижесінде Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Қазақ ұлттық университетінде орнатылды. Құрылғының жоғары өнімділігі 2000 терафлопсты құрайды.

Сондай-ақ әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді.  Суперкомпьютер жасанды интеллект технологиясы, мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, Жерді қашықтықтан зондтау, 3D модельдеу салалары бойынша деректерді топтастырады. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, елдің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Университеттің есептеу техникасы саласындағы мүмкіндіктерін едәуір кеңейте отырып, ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дәлдігін арттырады.

Құрылғы жасанды интеллект технологияларын, университет қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылымды қажетсінетін есептеулерді жасау, IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!