Биыл қаңтар айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 90 жыл толды. Осы уақыт аралығында білім ордасы халықаралық деңгейдегі бәсекелестікке қабілеттілігін паш ете білді. Осылайша, тарихы терең, шаңырағы биік, еліміздегі жетекші оқу ордасы даму жолында.

Университет тарихы еліміздің маңызды кезеңдерімен тығыз байланысты. Яғни, бұл Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуындағы баспалдақтың алғашқы әрі негізгі сатыларының бірі екенін көрсетеді. ҚазҰУ – Халықаралық университеттер Ассоциациясына кірген еліміздегі алғашқы жоғарғы оқу орны. ҚазҰУ Түркия, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Египет секілді білімі мен мәдениеті ұштасқан ірі университеттермен тікелей байланысорнатқан.

Жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жоғары баға алып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды. Айта кету керек, ҚазҰУ – «Бес жұлдыз» марапатына ие болған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз оқу орны. Әлемдік жоғары білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынды дамуды көрсете отырып, әлемнің ең үздік 200 университетінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды. Сонымен қатар Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы рейтингінде ҚазҰУ «АА+» бағасын иеленіп, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының қатарына енді. Барлық осы жетістіктердің арқасында ҚазҰУ түркі және ислам әлемінде ең үздік университет ретінде танылды.

БҰҰ-ның «Академиялық әсер» бағдарламасының тұрақты дамуға арналған ғаламдық хабы ретінде ҚазҰУ Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде таныстырылған «Университет 4.0» моделін жасап шығарып, оны енгізді.

Сонымен қатар ҚазҰУ «UI Green Metric Ranking of World Universities» әлемдегі ең экологиялық таза университеттердің жаһандық рейтингінің зерттеуіне сәйкес 78 елдің 700 университетінің арасында алғашқы 200 университет қатарына енді.

Айта берсең біздің университеттің ұлттық, әлемдік, халықаралық жетістіктері орасан зор. Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда, сонымен бірге еліміздің ертеңгі тұлғаларына айналар жас ұрпақтың рухани болмысын қалыптастыруда білім ордасы үлкен іс-шараларды жасап келеді. Ендеше, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің білім алушылары мен түлектері үлкен белестерді бағындырудан талмай, қазақ елінің әлеуметтік, саяси, мәдени, экономикалық дамуына орасан зор үлесін қоса отырып, қоғамымызды көштен қалдырмай өрге сүйреп, әлемнің көшбасшы 30 елінің қатарына қосады деп сенемін. Олай болса әрқайсысымыз ел маған не берді деп емес, елге мен не беремін деп еңбек етейік.

Г.Мұхамедиева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЭжБЖМ,
«Бизнес-технологиялар» кафедрасының
аға оқытушысы PhD,
А.Нұрмағамбетова,
оқытушы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!