Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның маңдайалды білім ордасы. Ғасырлар тоғысында бой көтерген бұл оқу орны мыңдаған түлектің арманына қанат бітіріп, талай тұлғаны тәрбиелеп шығарған. ҚАЗҰУ – тек білім мен ғылымның емес, ұлттық рухтың, мәдениеттің, ой еркіндігінің де қайнар көзі.

Білім мен руханият тоғысқан шаңырақ ҚАЗҰУ тарихы 1934 жылдан бастау алады. Ол кезде қарапайым университет ретінде ашылған оқу орны бүгінде халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне айналды. QS World University Rankings секілді беделді рейтингтерде жоғары орыннан көрінуде.

ҚАЗҰУ қабырғасында 16 факультет, 67 кафедра, жүздеген білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл жерде тек білім ғана емес, тәрбие де қоса беріледі. Әр студент өзін тұлға ретінде дамытып, болашақтағы миссиясын түсіне бастайды. Журналистика факультеті – ой еркіндігінің мекені екені айдан анық. Білім ордасының мәртебесін арттыруда журналистика факультетінің де рөлі зор. Бұл факультет – елге танымал қаламгерлер мен теле-радио саласындағы білікті мамандарды даярлайтын бірегей орта. Оның іргесін қалаған ұстаздар мен ғалымдар – қазақ журналистикасының тарихындағы алтын әріппен жазылған.

Журналистика факультетінде білім алушы жастар ақпарат саласының барлық бағытында тәжірибе жинап, заманауи технологияларды меңгереді. Бұл факультет студенттерге тек теория ғана емес, шынайы практика, шынайы өмірдің тынысын сезіну мүмкіндігін береді. Студенттер университет жанындағы “ҚАЗҰУ медиа” орталығында, телеарнада, радиода, басылымда жұмыс істей жүріп, шеберліктерін шыңдайды.

ҚАЗҰУ – ұлы білімнің ордасы, өмір мектебі. Мұнда әр студент өз болашағын қалыптастырып, қоғамның белсенді мүшесіне айналады. ҚАЗҰУ – арман қуған жасқа бағыт беретін шамшырақ, тұлға қалыптастыратын алтын ұя.

Мұнда оқыған әрбір жас, әсіресе журналистика саласын таңдаған студент, ел алдындағы жауапкершілігін терең түсініп, шындықтың жаршысы болуға талпынады. Себебі бұл факультет – әділеттің, ақиқаттың жолындағы күрескер рухты тәрбиелейтін ерекше орта.

Қортындыласақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – білім мен ғылымның, руханият пен ұлттық сана-сезімнің де тірегі. Бұл ордада алған білім өмір бойы жол көрсетіп тұратын шырақ іспеттес. Ал журналистика факультеті – шындықты ту еткен, халық үні болар сөздің, ойдың, парасаттың мекені. Болашағын айқын еткісі келген әрбір жас үшін ҚАЗҰУ – нағыз қазынаға толы білім ордасы!

Нұрислам БАХТИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!