Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі өткізген ЖОО-ның Ұлттық рейтингісінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті елімізде 7 орынды иеленді. Бұл туралы өңірлік коммуникацияда өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова мәлімдеді. Сондай-ақ аталмыш оқу орны 12 бағдарлама бойынша үздік үштіктен көрінді. Соңғы 2 жылда университет 9-шы орынды иеленіп келген. Жалпы аталған рейтинг республикадағы 85 университет арасында өткізілді.

– Біз сапалы білім беруді бірінші кезекке қоямыз. Әрбір студенттің мықты маман болуы маңызды. Сондықтан теорияны тәжірибемен ұштастырамыз. Дәріс беретін ұстаздар өз ісінің білікті мамандары. Соңғы технологияны, өзгерісті шәкірттерге үйретеді. Мамандықтың қыр-сырын ғана емес, азаматтық ұстаным қалыптастыруға жол сілтейді. Біз студенттердің әлеуметтік жағдайына, ынталандыру үшін үздік шәкірттерге жеңілдіктер жасаймыз. Мәселен, 2020-2021 оқу жылында университеттің 260 студентіне жеңілдік тағайындадық. Көп балалы отбасынан шыққан 122 студентке оқу ақысына 25%, анасында «алтын алқа» немесе «күміс алқа» бар 35 студентке 50%, 6 «Алтын белгі» иегеріне 100 пайыз жеңілдік жасадық, – деді Кәрімова.

Айта кетейік, бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 452 оқытушы-профессор сабақ береді. Оның 19-ы ғылым докторы, 168-ы ғылым кандидаты, 30-ы РhD докторы, 179-ы магистр. Биылғы оқу жылында жас ғалымдар арасынан 6 PhD, 3 қауымдастырылған профессор, 2 ғылым кандидаты, «ЖОО үздік оқытушысы» атағының иегері шықты. Халықаралық және республикалық ғылыми-зерттеу және шығармашылық конкурстарда 40-тан астам студент жүлдегер атанған.

Айда АЙТБАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!