Мемлекет пен қоғамның дамуында, әрине, білім басты рөл атқарады. Адам мемлекеттің басты тірегі болса, заман талабына орай өзін-өзі дамытып, ізденіп, жаңа дүниеге ұмтылып отыруы қажет. Ондай қадамдарға тек білім арқылы бара алады. Сонда ғана білімін дамыту арқылы жетістіктерге қол жеткізеді. Бұған ХХІ ғасырдағы жаңа технологиялардың пайда болуы, адамзат өмірінде орын алып жатқан жаңалықтар дәлел болады. Адам баласының саналы ой-өрісі, өмірден алынған тәжірибесі еңбектің жемісін берері хақ. Ғылым мен технология қарыштап дамып келеді.

Ертеде ата-бабамыз «ұшатын кілем» секілді түрлі ертегілер арқылы қиялға берілетін болса, өздері армандаған, қиялынан туындаған нәрселердің бұл күндері іс жүзіне асқанын көруге болады. Яғни, өмір сапасын жақсартуда білім басты негіз. Ал алдымыздағы мыңдаған шәкіртіміз білімнің арқасында жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде қалыптасады. Олар – еліміздің болашағы. Мемлекетіміз әлемдік өркениеттің көшіне ілесу үшін шәкірттерімізді білімді етіп даярлауымыз қажет.

«Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», – дейді қазақ халқының біртуар тұлғасы Шоқан Уәлиханов.

Қоғам талабына орай білімнің сапасын күшейту бәсекеге қабілетті тұлға даярлауға ықпал етеді. Ол үшін білім беру жүйесіне жаңашыл іс-әрекеттерді енгізе отырып, көздеген мақсатқа қол жеткіземіз. Сонда еңбегіміз өз жемісін береді.

Оқыса білім бұлағы,
Оқыса елдің ұланы, –
Тірілтіп, елге жан бітіп,
Елі үшін жұмақ қылады, –
деп жырлаған ақын Бейімбет Майлиннің өлең жолдарында айтылған ой бұл күнде де өзектілігін жойған жоқ. Қазір білектінің емес, білімдінің озық тұратын заманында білім – басты қуатты құрал екенін бәріміз де білеміз.

Мемлекет өскелең ұрпаққа қажетті барлық жағдайды жасап келеді. Сол себепті ұстаздың шәкірттерімен бірлескен іс-әрекеттері нәтиже шығаруы тиіс. Қорыта айтқанда, балаға сапалы білім мен саналы тәрбие бере отырып, оның құндылығын халыққа ұғындыра білу – мұғалімнің кәсіби міндеті.

Мен педагог ретінде өз мамандығымның жемісін көріп келемін. Көп ізденіп, жауапкершілікті сезінудің арқасында өзім тәрбиелеген шәкірттерім түрлі байқау мен додаларда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бірақ алда әлі біз алатын асулар бар.

Айгерім ҚОЙШЫБАЕВА,
Абай атындағы №138 орта мектебінің мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!