13 мамырда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы – Үрімжі қаласында алғаш рет «Study in Kazakhstan» халықаралық білім беру көрмесі өтті. Ауқымды шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен, Орталық Азия мен Қытай елдері білім министрлерінің алғашқы кездесуі және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің білім министрлерінің 9-отырысы аясында ұйымдастырылды.
Көрмеге Қазақстанның 16 жетекші жоғары оқу орны қатысып, олардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де болды. Университетіміз көрме аясында білім беру саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту және инновациялық серіктестік орнату мақсатында белсенді жұмыс жүргізді.

Іс-шара барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Орталық Азия мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен ғылыми-білімдік ынтымақтастық туралы маңызды келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Синьцзян педагогикалық университеті (ҚХР), Гонконг педагогикалық университеті (ҚХР), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Қазақстан), Жүсіп Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Қырғызстан), және Науаи мемлекеттік университеті (Өзбекстан) сынды беделді білім ордаларымен стратегиялық әріптестік орнатылды.

Келісімнің негізгі бағыттарына бірлескен ғылыми жобалар мен гранттық бағдарламаларды жүзеге асыру, халықаралық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету, инклюзивті білім беру, STEAM-технологияларды енгізу және білім берудегі цифрландыруды дамыту жатады.
Аталған ынтымақтастық заманауи педагогикалық зерттеулерді ілгерілетуге, тәжірибе алмасуға және жаһандық білім беру кеңістігінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Келісім екі жыл мерзімге жасалып, тараптардың келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!